Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыруға жаңа инвестициялық жобалар серпін береді
Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда инвестиция тартумен қатар, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, қазақстандық өнім көлемін ұлғайту және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге басымдық берілуде. Бұл бағыттағы міндеттер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық дербестігін күшейту және өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
Осы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысы, индустриялық аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылуы және «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары сараланды.
Облыс әкімі әрбір инвестициялық жобаның өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, жобалардың қағаз жүзінде қалмай, нақты өндіріс пен жұмыс орындарына айналу қажеттігін айтты.
– Президент инвестиция тарту мен өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отыр. Әрбір жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа өндіріс және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылған үлес. Сондықтан құрылысы тоқтап тұрған немесе мерзімінен кешігіп жатқан жобалар бойынша нақты шешім қабылдау қажет. Инвестор өз міндеттемесін орындамаса, заң талаптарына сәйкес жер телімін жұмыс істеуге дайын басқа инвесторларға беру керек. Әр жоба маңызды, бірақ оның толық әрі уақытылы жүзеге асырылуы одан да маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы Түркістанның инвестициялық және өндірістік әлеуетін арттырудың негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр. Жалпы аумағы 3603,3 гектарды құрайтын аймақта 2019 жылдан бері жалпы құны 1 триллион 263 миллиард теңгені құрайтын 140 инвестициялық жоба тіркелген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 жоба іске қосылып, 3243 тұрақты жұмыс орны құрылған.
Инвестициялық жобалардың іске қосылуы облыс экономикасының бір ғана салаға тәуелділігін азайтып, өндірістік бағыттарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, машина жасау, тамақ және басқа да өндіріс салаларының дамуы ішкі нарықтың қажеттілігін жергілікті өнім есебінен өтеуге жағдай жасайды. Бұл экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, сырттан жеткізілетін тауарларға тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.
Биыл Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағы оңтайландырылды. Әкімшілік-іскерлік және тарихи аймақтардың бір бөлігі қысқартылып, пайдаланылмай жатқан аумақтар жалпы қолданысқа қайтарылды. Нәтижесінде Түркістан қаласының бюджетіне жер және мүлік салығынан түсетін түсім жыл сайын шамамен 657,7 млн теңгеге артады. Бұл жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы жергілікті бюджеттің кіріс базасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әкімшілік-іскерлік аймақта құрылыс қарқыны баяулаған сегіз жоба жеке қаралды. Тұрғын үй және коммерциялық нысандарды қамтитын бұл жобалар белгіленген кестеден кешігуде. Осыған байланысты жауапты органдарға әр жоба бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеу тапсырылды. Мұндай бақылау инвестициялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етіп, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін тиімді экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Түркістан қаласындағы 290 гектарлық өнеркәсіптік аймақта жалпы құны 157 млрд теңгені құрайтын 14 жоба тіркелген. Оның алтауы іске қосылған, қалған жобалар бойынша құрылыс және өндірісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал 365 гектарлық Сауран индустриялық аймағында құны 86,9 млрд теңгені құрайтын сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұндағы негізгі міндеттердің бірі – электр қосалқы станциясының құрылысын аяқтап, аумақты қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету.
Кентау қаласындағы өнеркәсіптік аймақта жеті жобаның бесеуі іске қосылған, екі жоба бойынша өндірістік дайындық жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жалпы құны 102,1 млрд теңгені құрайтын бес жоба тіркелген. Бұл орталықтың дамуы Қазақстанның көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық байланысын күшейтіп, бірлескен өндірістер мен экспорттық бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Сайрам және Отырар аудандарындағы индустриялық аймақтардың жағдайы да талданып, инфрақұрылым, жер учаскелері және инвестициялық жобаларды орналастыру мәселелері бойынша тапсырмалар берілді. Индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс істеуі жаңа кәсіпорындарды тартуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және жергілікті кәсіпкерлер үшін өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Өңірдің инвестициялық саясатының келесі маңызды бағыты – қазақстандық өнімнің сапасын арттыру және оның сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Өндіріс орындарына заманауи технологияларды енгізу, халықаралық стандарттарға сай өнім шығару және экспорттық талаптарға бейімделу ұлттық экспорттаушылардың жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы кәсіпкерлерге өндірісті жаңғырту, логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту және экспорттық әлеуетін арттыру үшін жағдай жасау маңызды.
Жиында «TURAN» арнайы экономикалық аймағын одан әрі дамытуға бағытталған жаңа ұсыныстар да қаралды. Атап айтқанда, аумақты 27,5 гектарға кеңейту, өнеркәсіптік аймақтарды толық абаттандыру, қоршау және бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ қатысушылардың жауапкершілігін күшейту үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу ұсынылды.
Жалпы, Түркістан облысындағы инвестициялық жобаларды жедел әрі сапалы іске асыру – өңір экономикасының тұрақты өсуінің маңызды факторы. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы жұмыс орындарын көбейтіп қана қоймай, жергілікті өндіріс пен сауданың дамуына, қазақстандық қамтудың артуына және экспорттық әлеуеттің кеңеюіне негіз болады. Инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру және сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту өзара сабақтас жүзеге асқанда ғана өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі артып, Түркістан облысының ұзақ мерзімді даму мүмкіндігі кеңейе түседі.
Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау аясында облыстағы әрбір инвестициялық жобаның нақты экономикалық нәтижеге айналуы басты назарда болады. Бұл – мемлекеттік органдардың ғана емес, инвесторлар мен кәсіпкерлік қауымдастықтың да ортақ жауапкершілігі.
