РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістандағы өндірістік парктер – экономиканы әртараптандырудың негізі

Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, импортқа тәуелділікті азайту және өңірлердің экономикалық дербестігін күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында облыста өндірістік парктер желісі қарқынды дамуда. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің үйлестіруімен жүзеге асырылып, өңірдің индустриялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде.

Өндірістік парктердің басты мақсаты – кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаң ұсыну, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жедел іске қосу және жаңа жұмыс орындарын құру. Мұндай тәсіл кәсіпкерлікке кететін бастапқы шығындарды азайтып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес дамып, өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып келеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның ішінде 150 өндірістік нысан пайдалануға берілді. Жалпы құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылып, бүгінгі күнге дейін 98 жоба толық іске қосылды. Бұл көрсеткіш өңірдің өндірістік-инвестициялық белсенділігінің артып келе жатқанын және кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес ортасының қалыптасқанын көрсетеді.

Өндірістік парктерде іске қосылып жатқан жобалар экономиканы әртараптандыруға тікелей ықпал етуде. Бұрын жекелеген салаларға тәуелді болған өңірде бүгінде жиһаз жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі, пластик өнімдері, қайта өңдеу өндірістері және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттары қатар дамып келеді. Бұл экономиканың тұрақтылығын күшейтіп, өңірдің өндірістік құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Мәселен, Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастады. Сауран ауданында жиһаз, құрылыс материалдары және металл өңдеу өндірістері кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Шардара ауданында модульді және капсулалы үйлер, термопанельдер, қасбеттік және декоративті материалдар шығаратын кәсіпорындар ашылды. Бұл өндірістер құрылыс саласының ішкі сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, импортты алмастыратын өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Отырар ауданында темір бұйымдарын, құрама жем, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейін көтеріп отыр. Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісі жолға қойылды. Ал Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған жәшіктер, матрас шығару және пластик ыдыстарды қайта өңдеу жобалары жүзеге асырылуда. Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары жұмысын бастап, өндірістік кооперацияның дамуына жол ашты. Созақ ауданында төрт өндірістік жоба іске қосылып, дайын өндірістік ғимараттар кәсіпкерлердің игілігіне берілді.

Бұл өндірістердің әрқайсысы жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған. Соның нәтижесінде облыста тек шикізат өндіру емес, дайын өнім өндіру көлемі де ұлғайып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін нығайтып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемінің артуына ықпал етеді.

Өндірістік парктердің тағы бір маңызды артықшылығы – жаңа жұмыс орындарын құру. Әрбір іске қосылған кәсіпорын ондаған, ал кейбірі жүздеген азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Халықтың жұмыспен қамтылуы табыс көлемінің артуына, ішкі тұтыну нарығының кеңеюіне және кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне әсер етеді. Сонымен бірге өндіріс орындарының көбеюі көлік, логистика, қызмет көрсету, сауда және құрылыс сияқты аралас салалардың да дамуына серпін береді.

Экономиканы әртараптандыру тұрғысынан өндірістік парктердің маңызы ерекше. Әртүрлі бағыттағы кәсіпорындардың бір жерде шоғырлануы өндірістік кооперацияны дамытуға, шығындарды азайтуға және кәсіпкерлер арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Бір кәсіпорынның өнімі екіншісіне шикізат немесе қосалқы материал ретінде пайдаланылып, өндірістің толық тізбегі қалыптасады. Бұл өңірдегі өндірістің тиімділігін арттырып, жаңа инвестицияларды тартуға қолайлы жағдай жасайды.

Қазіргі таңда Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстары жалғасып, инженерлік инфрақұрылым жеткізілуде. Инвесторларды орналастыру және жаңа жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл өңірдің индустриялық әлеуетін одан әрі күшейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Өндірістік парктердің тиімді жұмыс істеуі инженерлік инфрақұрылымның сапасына тікелей байланысты. Осыған байланысты облыс басшылығы электрмен қамту, өндірістік ғимараттардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау және бос тұрған нысандарға инвесторлар тарту мәселелерін ерекше бақылауға алған. Сондай-ақ меморандум жасалған жобаларды нақты өндіріске айналдыру және өндірістік парктердің екінші кезеңіндегі жаңа ғимараттардың құрылысын уақытылы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы алғанда, өндірістік парктерді дамыту Түркістан облысының экономикалық өсімінің маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр. Олар жаңа өндірістердің ашылуына, инвестициялардың көбеюіне, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және экспорттық әлеуеттің артуына негіз қалайды. Ең бастысы, мұндай жобалар экономиканы әртараптандыру арқылы өңірдің қаржылық тұрақтылығын күшейтіп, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және Түркістан облысын еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің біріне айналдыруға қызмет етеді.