РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістан экономикасы: білімге бағытталған инвестиция адами капиталды күшейтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуының басты кепілі – сапалы білім мен адами капитал екенін бірнеше мәрте атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде еліміздің барлық өңірінде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу, балаларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл міндеттер Түркістан облысында да жүйелі түрде іске асырылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар нәтижесінде өңірде білім беру саласы жаңа даму кезеңіне көтеріліп, оның экономикалық тиімділігі де айқын көріне бастады.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту – тек әлеуметтік мәселені шешу ғана емес, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтетін маңызды инвестиция. Себебі сапалы білім алған ұрпақ – болашақтағы білікті маман, кәсіпкер, инженер, дәрігер, мұғалім және өндіріс саласының кәсіби кадры. Сондықтан мектеп құрылысына салынған әрбір инвестиция алдағы уақытта өңірдің экономикалық дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуіне қызмет етеді.

Соңғы сегіз жыл ішінде Түркістан облысында білім беру саласында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылды. 2018-2025 жылдар аралығында өңірде жалпы саны 185 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2018 жылы – 39, 2019 жылы – 26, 2020 жылы – 23, 2021 жылы – 37, 2022 жылы – 24, 2023 жылы – 22, 2024 жылы – 11 және 2025 жылы 3 жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды. Ал 2026 жылы екі мектеп пайдалануға беріліп үлгерді. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы алты мектеп пен бір оқушылар жатақханасын іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, өңірде жаңа буынды дамыту орталығының төрт нысанының құрылысы жүргізілуде.

Жаңа мектептердің салынуы ең алдымен оқушы орындарының тапшылығын азайтып, халық саны жыл сайын өсіп келе жатқан Түркістан облысында білім беру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Бұрынғы апатты, үш ауысымды және ыңғайластырылған мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұл балалардың қауіпсіз әрі заманауи талаптарға сай білім алуына жол ашып қана қоймай, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде облыста 1 106 мектеп жұмыс істейді. Бұл – республикадағы ең ірі білім беру жүйелерінің бірі. Мұндай ауқымды инфрақұрылымды дамыту мен күтіп ұстау өңір экономикасының әлеуетін де көрсетеді. Себебі жаңа мектептердің іске қосылуы тек білім беру жүйесіне ғана емес, құрылыс индустриясына, құрылыс материалдарын өндіруге, инженерлік инфрақұрылымның дамуына, көлік және қызмет көрсету салаларына оң әсерін тигізеді.

Жаңа мектептер салу барысында мыңдаған құрылысшы, инженер, сәулетші, жобалаушы және өндіріс мамандары жұмыспен қамтылды. Құрылысқа қажетті цемент, металл, кірпіш, жиһаз, есік-терезе, электр жабдықтары және басқа да материалдардың басым бөлігі отандық кәсіпорындардан сатып алынды. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпорындардың өндіріс көлемін арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етті.

Пайдалануға берілген білім беру нысандары тұрақты жұмыс орындарын да көбейтуде. Әрбір жаңа мектептің ашылуы жүздеген мұғалімнің, тәрбиешінің, техникалық қызметкердің және әкімшілік мамандардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде халықтың табысы артып, тұтынушылық сұраныс көбейіп, өңірдегі ақша айналымы ұлғаяды. Бұл экономиканың тұрақты дамуына және облыстың қаржылық мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етеді.

Қазіргі таңда мектептерді жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. 2025-2027 жылдарға арналған реновация бағдарламасы аясында 115 мектепті жаңарту жоспарланған. Өткен жылы 41 мектеп қамтылып, оның 26-сында жұмыстар толық аяқталды. Қалған 15 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр және оларды 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланған. Биыл тағы 38 мектепті жаңғырту көзделген.

Сонымен бірге жаңа оқу жылына дайындық аясында облыстың 125 мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 60-ында жұмыстар толық аяқталды. Бұл білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Энергия тиімділігін арттыру да экономикалық тұрғыдан маңызды бағыттардың біріне айналды. Осы мақсатта өңірдегі 110 білім беру нысаны кезең-кезеңімен қатты отыннан табиғи газбен жылыту жүйесіне көшірілуде. Бұл біріншіден, экологиялық жағдайды жақсартса, екіншіден, пайдалану шығындарын азайтып, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген қаражатты білім беру жүйесінің басқа да басым бағыттарына бағыттауға жол ашылады.

Білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Өткен жылы өңірде салынып жатқан 33 білім беру нысанының 29-ы осы жоба аясында пайдалануға берілді. Бұл жаңа форматтағы мектептер оқушыларға халықаралық талаптарға сай білім алуына жағдай жасап, цифрлық технологияларды енгізуге, заманауи зертханалар мен пәндік кабинеттерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Білім сапасының артуы өңір экономикасына ұзақ мерзімді әсер етеді. Заманауи мектептерде білім алған жастар болашақта өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, туризм, логистика, кәсіпкерлік және мемлекеттік басқару салаларында еңбек етіп, облыстың экономикалық әлеуетін арттырады. Білікті мамандардың көбеюі инвесторлар үшін де маңызды фактор саналады. Себебі кез келген өндіріс орны ең алдымен сапалы кадрлық ресурстың болуына мән береді.

Экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда білім беру саласына салынған инвестицияның қайтарымы өте жоғары. Жаңа мектептердің салынуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, адами капиталдың сапасын көтереді. Ал адами капиталдың сапасы жоғарылаған сайын еңбек өнімділігі өседі, инновациялық жобалар көбейеді, кәсіпкерлік белсенділік артады және өңірдің салықтық базасы кеңейеді. Бұл өз кезегінде облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін біртіндеп төмендетіп, қаржылық тұрақтылығын нығайтады.

Түркістан облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттырумен қатар, экономиканың орнықты дамуына да қуатты серпін беріп отыр. Жаңа мектептер мен жаңғыртылған білім беру ұйымдары сапалы адами капитал қалыптастырып, болашақта өңірдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету және инновациялық экономикасының дамуына негіз болады. Сондықтан білім саласына бағытталған инвестициялар бүгінгі әлеуметтік міндеттерді шешумен қатар, ертеңгі экономикалық өсімнің, халықтың әл-ауқатының және Түркістан облысының экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуінің берік іргетасы болып саналады.