8 жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімі 3 есеге өсіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті айтарлықтай нығайды
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Осы кезең ішінде өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар іске асырылып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету және кәсіпкерлік салаларында тұрақты өсім қалыптасты. Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның қабылдануы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, өндірістік әлеуетін күшейтуге және жаңа кәсіпорындарды ашуға қолайлы жағдай қалыптастырды.
Соңғы сегіз жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі үш есеге өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,7 трлн теңгені құраса, бүгінде өңір экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, еліміздің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының біріне айналды. Жалпы өңірлік өнім көлемінің артуы жаңа өндірістердің іске қосылуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы және кәсіпкерлік белсенділіктің артуымен тікелей байланысты.
Өнеркәсіп саласы да өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 596,1 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге өсті. Егер сегіз жыл бұрын өңірде 438,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілсе, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есе ұлғайып, өндірістің жаңа бағыттары қалыптасты.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 2026 жылы жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар нәтижесінде 703 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында құны 11,2 млрд теңге болатын төрт инвестициялық жоба іске қосылып, 278 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын көбейту және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл ретте өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндірістерге қолайлы жағдай жасау және шағын әрі орта кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Бүгінде облыста жалпы аумағы 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Осы аймақтарда жалпы құны 60,8 млрд теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 3 073 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен бірге алдағы кезеңде жалпы құны 96,4 млрд теңгені құрайтын тағы 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар іске қосылған кезде қосымша 2 791 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Индустриялық аймақтарға жаңа өндірістерді орналастыру жұмыстары да қарқын алған. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесі жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын және 519 жаңа жұмыс орнын құратын 12 инвестициялық жобаға оң қорытынды берді. Бұл өңірде инвесторларға қолайлы өндірістік орта қалыптасқанын және өндірісті дамытуға қажетті инфрақұрылымның жүйелі түрде жетілдіріліп жатқанын көрсетеді.
Өңір аумағында жалпы көлемі 3 603,3 гектарды құрайтын, 10 субзонадан тұратын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Оның 1 450 гектары өндірістік аймақ ретінде белгіленген. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтың өнеркәсіптік субзоналарында жалпы құны 875,3 млрд теңгені құрайтын 37 ірі өнеркәсіптік жоба тіркелген. Бұл кәсіпорындар машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және басқа да салаларды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар облыста шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өндірістік алаңдарды дамыту жұмыстары жалғасуда. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен Сауран ауданының Шаға ауылында құрылған шағын өнеркәсіптік аймақта 40 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Мұнда жалпы инвестиция көлемі 136,3 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өндірістік парк аумағында ауыл шаруашылығы техникалары, аспалы жабдықтар, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, металл бұйымдары, полиэтилен өнімдері және басқа да өнеркәсіптік тауарлар өндірілуде.
Өңірдегі өндірістік саясаттың басты басымдықтарының бірі – отандық кәсіпкерлікті дамыту. Осы мақсатта кәсіпкерлерге өндірістік алаңдар, инженерлік инфрақұрылым, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылық қолдау және консультациялық қызметтер ұсынылуда. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және жергілікті бизнестің тұрақты дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі. Түркістан облысында іске қосылып жатқан жаңа кәсіпорындар бұрын импорт арқылы жеткізілген көптеген өнімдерді өзімізде өндіруге мүмкіндік жасап келеді. Бұл ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін көбейтіп, тұтынушыларды қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Өңірде әділ бәсекелестікті қорғауға да ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіпкерлер үшін тең жағдай қалыптастыру, әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік қолдау құралдарының ашықтығын қамтамасыз ету арқылы бизнес ортаның тартымдылығы артып келеді. Бұл өз кезегінде өндіріс тиімділігін жоғарылатып, жаңа технологиялардың енгізілуіне және өнім сапасының жақсаруына негіз қалайды.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері Түркістан облысының өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаруда. Мемлекет индустриялық аймақтарды қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етіп, өндірістік инфрақұрылымды дамытса, жеке инвесторлар жаңа кәсіпорындар ашып, заманауи технологияларды енгізуде. Осындай тиімді әріптестік өңірдің экономикалық өсімін жеделдетіп, инвестициялық белсенділікті арттыруға ықпал етуде.
Сонымен бірге облыста қазақстандық қамту үлесін арттыруға басымдық берілуде. Жаңа өндірістерді іске асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын, жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін және қазақстандық қызмет көрсетушілердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көзделген. Бұл жергілікті өндірістің дамуына, шағын және орта бизнестің нығаюына, жаңа кооперациялық байланыстардың қалыптасуына және ұлттық экономиканың тұрақты дамуына оң әсерін тигізуде.
Алдағы уақытта Түркістан облысында өнеркәсіпті дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті қолдау, ішкі нарықты нығайту, бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейту және қазақстандық қамту үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі күшейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге және Түркістан облысының еліміздің жетекші индустриялық әрі кәсіпкерлік өңірлерінің бірі ретінде дамуына берік негіз қалайды.
