Түркістан облысында жаңа өндірістер ашылып, отандық кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілуде
Түркістан облысында инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа кәсіпорындарды іске қосу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалар отандық кәсіпкерлікті дамытуға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге, бәсекелестікті күшейтуге, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде. Осы мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында биыл жүзеге асырылатын 10-нан астам инвестициялық жобаның орындалу барысы қаралып, инвесторлар мен жауапты мемлекеттік органдардың есептері тыңдалды. Негізгі мақсат – өндірістік жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асыру, туындаған мәселелерді жедел шешу және өңірдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру.
Инвестициялық штаб отырысында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысына ерекше назар аударылды. Инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын екі кезең бойынша жылына 60 мың тонна қағаз өнімін өндіреді. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, өндірістік қоймалар мен бақылау-өткізу бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жер қазу және бетон құю толық аяқталған. Металл конструкцияларын орнату жалғасуда. Қажетті технологиялық жабдықтар Қытай Халық Республикасынан сатып алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы орындалған.
Бұл жоба еліміздің қағаз өнімдеріне деген ішкі сұранысын қамтамасыз етуге, импорттық өнім көлемін қысқартуға және отандық өндірістің үлесін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің жергілікті өнімді пайдалануға деген мүмкіндігін кеңейтіп, өндіріс пен қызмет көрсету салалары арасындағы кооперацияны күшейтеді.
Сонымен бірге «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің 16 роторлы иіру желісімен жабдықталған тоқыма зауытының құрылысы жалғасуда. Құны 5,4 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 20-30 мың тонна мақта иірімжібін өндіруге қауқарлы. Жоба аясында 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жатақханалардың сыртқы құрылысы толық аяқталған. Өндірістік блоктың іргетасы дайындалып, қажетті металл конструкцияларын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысында мақта кластерін қалыптастыруға бағытталған бұл жобалардың маңызы ерекше. Өңірде өсірілетін мақтаны терең өңдеп, дайын өнім шығару ішкі нарықтағы сұранысты отандық өніммен қамтамасыз етуге және жеңіл өнеркәсіптің дамуына тың серпін береді. Бұл бағытта «Turkistan Lihua» ЖШС жүзеге асырып жатқан тігін, тоқыма және бояу-әрлеу фабрикаларының, сондай-ақ Отырар ауданындағы мақта өңдеу және мақта тұқымын өндіру зауытының құрылысы толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға негіз болады.
Инвестициялық штаб барысында Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» ЖШС мен Отырар ауданындағы «Lesso Drip» ЖШС-нің тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыттарының құрылысы да қаралды. Бұл өндірістер ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге, фермерлерді сапалы отандық жабдықтармен қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыты мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған маңызды жоба болып саналады. Ал Сауран ауданында іске асырылып жатқан «Diamond Steel Co. Ltd» ЖШС-нің металл өнімдерін шығаратын зауыты, «Bereke Plastic» ЖШС-нің бір реттік ыдыс-аяқ өндіру кәсіпорны, «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығаратын өндірісі және «Sauran Solar Power» ЖШС-нің 300 МВт күн электр станциясы өңірдегі өнеркәсіптің жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.
Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы отандық кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырып, жергілікті өнім өндірушілер арасындағы бәсекелестікті арттырады. Бәсекелестік орта сапалы өнім шығаруға, өндіріс тиімділігін көтеруге және жаңа технологияларды енгізуге жол ашады. Бұл өз кезегінде тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалану да инвестициялық саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Мемлекет тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды дамыту арқылы инвесторларға қолайлы жағдай жасалуда. Ал жеке инвесторлар өндіріс орындарын ашып, жаңа технологиялар енгізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға үлес қосуда. Осындай өзара тиімді әріптестік өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына негіз қалайды.
Сонымен бірге жаңа өндірістерде қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Құрылыс кезеңінен бастап жергілікті мердігер ұйымдардың, отандық құрылыс материалдарының және қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін кеңінен пайдалану көзделген. Ал кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін жергілікті кадрларды жұмыспен қамту, отандық шикізатты пайдалану және қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру басым бағыттардың бірі болады.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Ол жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне инвесторлар көтерген мәселелерді жедел шешуді, жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды және берілген тапсырмалардың толық орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл өндірістік жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, отандық кәсіпкерлікті дамытуға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға маңызды үлес қоспақ.
