РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістанда халықаралық деңгейдегі тау-курортты кластер құру арқылы туризм мен экономиканы дамыту көзделуде

Түркістан облысында туризм саласын жаңа сапалық деңгейге көтеретін стратегиялық жоба қолға алынуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тау туризмі мен курорттық инфрақұрылым саласындағы халықаралық жетекші компанияның басшылығымен кездесіп, Қасқасу тау бөктерінде салынатын әлемдік деңгейдегі экологиялық тау-курортты қаланың тұжырымдамасын жан-жақты талқылады. Келіссөздер барысында халықаралық талаптарға сай туристік кластер қалыптастыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту және өңірдің туристік әлеуетін толық пайдалану мәселелері қарастырылды.

Жоба жүзеге асқан жағдайда Қасқасу Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең тартымды туристік орталықтардың біріне айналып, Түркістан облысының жаңа бренді ретінде қалыптасады. Бұл бастама өңір экономикасының өсуіне серпін беріп, қызмет көрсету, құрылыс, көлік, сауда, қонақүй бизнесі және шағын әрі орта кәсіпкерлік салаларының дамуына жаңа мүмкіндік ашады.

Жоспарға сәйкес, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктіктегі тау бөктерінде халықаралық стандарттарға сай экологиялық тау-курортты қала салынады. Мұнда ерекше сәулеттік шешіммен бой көтеретін қонақүйлер, отбасылық демалыс кешендері, бизнес-кластерлер, спорт және ойын-сауық нысандары орналасады. Курорттың барлық инфрақұрылымы табиғи ландшафтпен үйлесімді жобаланып, құрылыс барысында экологиялық таза технологиялар мен табиғи материалдар пайдаланылады.

Курорт бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Заманауи аспалы жолдар тау шыңдары мен туристік нысандарды байланыстырып, келушілерге қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар кешен жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін төрт маусымдық туристік орталық ретінде дамытылады. Бұл ішкі туризммен қатар халықаралық туристік ағынды көбейтуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Көлемі шамамен 3 миллион текше метр болатын су сақтау жүйесі салынып, қар мен мұз сулары жиналып, рекреациялық мақсатта тиімді пайдаланылатын болады. Бұл тұрақты туризм қағидаттарын сақтай отырып, табиғи экожүйені қорғауға мүмкіндік береді.

Болашақ тау-курортты қаланың барлық қызметі цифрлық технологиялар арқылы басқарылады. Жасанды интеллект негізіндегі жүйелер туристік ағындарды реттеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, энергия тиімділігін арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында қолданылады. Бұл өз кезегінде Қасқасуды еліміздегі ең инновациялық туристік кешендердің біріне айналдыруға негіз болады.

Сарапшылар Қасқасу жобасын Франциядағы әйгілі Куршевель курортының қазақстандық баламасы ретінде бағалап отыр. Алайда жобаның басты ерекшелігі – ұлттық сәулет үлгілерін, табиғи ерекшеліктерді және экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып жүзеге асырылуында. Құрылыс кезеңінде және жоба толық іске қосылғаннан кейін 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде туризмді дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Түркістан облысы – тарихи-мәдени мұрасы бай, табиғи әлеуеті жоғары өңір. Біз тарихи және табиғи артықшылықтарымызды тиімді пайдалана отырып, Түркістанды халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Қасқасу жобасы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл тек демалыс орны ғана емес, өңірге инвестиция тартатын, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашатын, кәсіпкерлікті дамытатын және облыстың экономикалық әлеуетін арттыратын ауқымды жоба болады. Ең бастысы, жоба табиғатты сақтай отырып, тұрақты туризм қағидаттарына негізделеді, – деді облыс әкімі.

Қасқасу тау-курортты қаласының құрылысы Түркістан облысының экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға да елеулі үлес қосады. Туризм саласының дамуы жаңа салық түсімдерін қалыптастырып, өңірлік бюджеттің кірісін көбейтеді, сервистік қызмет көрсету нарығын кеңейтеді және халықтың жұмыспен қамтылуын арттырады. Сонымен бірге экономика құрылымын әртараптандыруға ықпал етіп, дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен сауда салаларымен қатар туризм индустриясын өңірдің негізгі экономикалық драйверлерінің біріне айналдырады.

Жобаны іске асыру барысында халықаралық инвесторлармен және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән беріледі. Заманауи технологиялардың енгізілуі құрылыс сапасын арттырып, халықаралық тәжірибені тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың құрылыс материалдарын, жиһазын, инженерлік өнімдерін және сервистік қызметтерін кеңінен пайдалану арқылы қазақстандық өнімнің үлесін арттыру көзделген. Бұл жергілікті өндіріс орындарының дамуына, өнім сапасының халықаралық талаптарға сәйкестенуіне және ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің күшеюіне оң әсер етеді.

Жоба аясында ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану да маңызды бағыттардың бірі болмақ. Туризм индустриясының дамуы қазақстандық азық-түлік, қолөнер бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен туристік қызметтердің шетелдік нарықтарда танылуына жол ашады. Осы арқылы Түркістан өңірі халықаралық туристік және іскерлік байланыстарды нығайтып, Қазақстанның туристік бренді ретінде әлемдік нарықтағы беделін арттыруға үлес қосады.

Жоба толық іске асқан кезде Қасқасу Түркістан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның туризм саласындағы жаңа даму нүктесіне айналып, өңірдің тұрақты экономикалық өсіміне, инвестициялық тартымдылығының артуына және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті туристік орталық ретінде қалыптасуына берік негіз қалайды.