РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістан облысында жаңа өндірістер ашылып, экономиканы әртараптандыру қарқын алуда

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндірісті дамыту және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жаңа өндірістік жобалар ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар инвестициялық штабтың кезекті отырысында жан-жақты талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.

Күн тәртібінде биыл жүзеге асырылатын оннан астам инвестициялық жобаның орындалу барысы қаралып, инвесторлар мен жауапты мемлекеттік органдардың есептері тыңдалды. Негізгі мақсат – өндірістік жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу, туындаған мәселелерді жедел шешу және өңірге тартылған инвестициялардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету.

Жиында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысы талқыланды. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын екі кезең бойынша жылына 60 мың тонна қағаз өнімін шығарады. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, өндірістік қоймалар мен бақылау-өткізу бекетінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Металл конструкцияларын монтаждау жалғасып, құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қажетті технологиялық жабдықтар Қытай Халық Республикасынан жеткізілген.

Бұл жоба елімізде қағаз өнімдерін өндіру көлемін арттыруға, импортты алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа өндіріс жергілікті кәсіпкерлердің шикізатқа қолжетімділігін жақсартып, өңірдегі өндірістік тізбектің дамуына серпін береді.

Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің құны 5,4 млрд теңгені құрайтын заманауи тоқыма зауытының құрылысы жалғасуда. Кәсіпорын жылына 20-30 мың тонна мақта иірімжібін өндіруге қауқарлы және 200 жаңа жұмыс орнын ашады. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бірінші кезең бойынша жатақханалардың сыртқы құрылысы аяқталған. Өндірістік корпустың іргетасы толық дайындалып, қажетті металл конструкцияларын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс үшін мақта кластерін дамыту стратегиялық маңызға ие. Түркістан – еліміздегі негізгі мақта өсіретін өңірлердің бірі. Сондықтан шикізатты сыртқа жөнелтудің орнына оны терең өңдеп, дайын өнім шығару өңір экономикасының тиімділігін арттырады. Бұл бағытта «Turkistan Lihua» ЖШС жүзеге асырып жатқан тігін, тоқыма, бояу-әрлеу фабрикалары мен Отырар ауданындағы мақта өңдеу және мақта тұқымын өндіретін зауыттың іске қосылуы толыққанды тоқыма өндірісінің қалыптасуына негіз болады. Нәтижесінде мақтадан дайын тоқыма бұйымдарына дейінгі өндірістік тізбек құрылып, экспорттық әлеует артады.

Инвестициялық штаб отырысында Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» ЖШС мен Отырар ауданындағы «Lesso Drip» ЖШС жүзеге асырып жатқан тамшылатып суару жүйелерін өндіру зауыттарының құрылысы да қаралды. Бұл кәсіпорындар ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік беріп, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен бірге Ордабасы ауданында салынып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыты мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған. Бұл жоба қалдықсыз өндіріс қағидатын енгізіп, қосымша құн қалыптастыратын жаңа өндіріс саласын дамытуға жол ашады.

Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан «Diamond Steel Co. Ltd» ЖШС-нің алюмоцинкпен қапталған және боялған металл өндіру зауыты, «Bereke Plastic» ЖШС-нің бір реттік ыдыс-аяқ өндіру кәсіпорны, «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығаратын зауыты және «Sauran Solar Power» ЖШС-нің қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы өңірдегі өндіріс құрылымын әртараптандыруға бағытталған маңызды жобалар саналады. Бұл кәсіпорындар дәстүрлі ауыл шаруашылығымен қатар металлургия, пластик өңдеу, жоғары технологиялар және жаңартылатын энергия көздері бағыттарының дамуына мүмкіндік береді.

Мұндай жобалардың жүзеге асырылуы Түркістан облысының экономикалық тұрақтылығын күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджет кірісін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруда.

Түркістан облысы халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге де ерекше мән беруде. Шетелдік серіктестердің қатысуымен іске асырылып жатқан жобалар заманауи технологияларды енгізуге, өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспортқа бағдарланған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін көтеріп, Қазақстанның өндірістік және инвестициялық әлеуетін нығайтуға үлес қосады.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне инвесторлар көтерген мәселелерді жедел шешіп, әр жобаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалар Түркістан облысын өнеркәсібі дамыған, инвестиция тартуға қолайлы және экономикалық өсімі тұрақты өңірлердің біріне айналдыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.