Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылым мен экономикалық даму қарқын алды
Түркістан облысында елді мекендерді, қалалар мен аудандарды әлеуметтік маңызы бар нысандармен және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Биыл өңірде 93 нысанның құрылысына бюджеттен 77,3 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысында 58 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда олардың жетеуі халық игілігіне тапсырылды.
Құрылыс саласындағы жұмыстардың барысы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы, тұрғын үй мен инженерлік желілерді дамыту мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.
– Әрбір нысан сапалы әрі уақтылы тапсырылуы керек. Құзырлы мекемелер мен жауапты басшылар құрылысты басталған сәттен бастап қадағаласын. Халықтың салығы есебінен салынып жатқан әрбір нысан белгіленген талаптарға толық сәйкес болуы тиіс. Егер мердігер бекітілген жоспарға сай жұмыс атқармаса немесе құрылыстың сапасы төмен болса, келісімшартты бұзу жөнінде тиісті шара қабылдаңыздар. Құрылыс материалының сапасы, жұмысшы саны және нысанның мерзімінде тапсырылуы қатаң бақылауда болуы қажет, – деген Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Турханов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Облыста 13 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде тоғыз мектептің құрылысына 8,6 млрд теңге бөлініп, Ордабасы ауданындағы үш мектеп пайдалануға берілді. Қалған алты мектеп жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады. Сонымен қатар Созақ ауданындағы №1 колледждің жатақханасы, Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарындағы жаңа буын өкілдерін дамыту орталықтарының құрылысы жалғасуда.
Денсаулық сақтау саласында төрт нысанның құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының қаржысы есебінен салынып жатқан 80 орындық перзентхана биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.
Мәдениет саласында 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінген. Жетісай ауданындағы Жылы су ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бірнеше ауданда мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар ел игілігіне тапсырылады.
Спорт саласында 10 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы бес спорт нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынып жатқан ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі Бәйдібек ауданында пайдалануға берілді, ал Келес ауданындағы нысан шілде айында ел игілігіне ұсынылады.
Тұрғын үй құрылысы да тұрақты бақылауда. Биыл облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 1 млн 250 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бес айдың қорытындысында 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 115,6 пайызды құрады. Сонымен қатар кредиттік және арендалық тұрғын үйлердің құрылысы мен сатып алу жұмыстары жалғасып келеді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында 47 нысан жоспарланған. Жыл соңына дейін олардың 22-сін пайдалануға беру көзделсе, қалғандары өтпелі жобалар ретінде іске асырылады.
Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның дамуы Түркістан облысының экономикалық өсіміне тікелей ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Заманауи инфрақұрылым қалыптасқан аймақтарда кәсіпкерлік белсенділік күшейіп, жаңа өндірістерді орналастыруға және қызмет көрсету саласын кеңейтуге қолайлы жағдай жасалады.
Өңір экономикасын әртараптандыру бағытында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, туризм, логистика және шағын әрі орта бизнесті дамытуға басымдық беріліп келеді. Жаңа инженерлік желілердің салынуы өндірістік аймақтарды дамытуға, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Әсіресе индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру арқылы отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық орта қалыптасуда.
Инвестиция тарту – облыстың тұрақты экономикалық дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар халықаралық қаржы ұйымдары мен шетелдік серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Абу-Даби қорының қолдауымен салынып жатқан медициналық нысан халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі болып табылады. Осындай бірлескен жобалар алдағы уақытта білім, денсаулық сақтау, өндіріс және инфрақұрылым салаларында да жалғасады деп күтілуде.
Сонымен қатар Түркістан облысы Орталық Азия елдерімен және көршілес өңірлермен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту, экспорттық әлеуетті арттыру және өңірде өндірілген өнімдердің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына, салық түсімдерінің көбеюіне және халықтың әл-ауқатының жақсаруына негіз болады.
Осылайша, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына, инвестициялық белсенділіктің артуына, экономиканы әртараптандыруға және халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалыптастырып келеді.
