РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістанда гүл шаруашылығы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd. компаниясының бас директоры Юань Чжао Хуэймен және компанияның Қазақстандағы филиалының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өңірде жылыжай кешендерін әртараптандыру, гүл шаруашылығын дамыту, сәндік өсімдіктер өндірісін жолға қою және көгалдандыру бағытындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Тараптар жергілікті шаруашылықтармен бірлескен өндірісті дамыту, өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен сәндік ағаш көшеттерін өсіру, заманауи жылыжай технологияларын енгізу және халықаралық тәжірибені пайдалану бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл жобалар Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруға, ауыл шаруашылығында қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға және жаңа өндіріс бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесуде облыс әкімі ұсынылған бастамалардың жан-жақты зерделенетінін және өңір экономикасына нақты үлес қосатын инвестициялық жобаларға әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Жақында Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, бірқатар инвесторлармен нәтижелі келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Біз Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуіне ықпал ететін жобаларды қолдауға дайынбыз. Облыстың климаттық жағдайы жылыжай шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен сәндік ағаштарды өзімізде өсіріп, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге жергілікті шаруалармен тиімді кооперация орнатуға барлық жағдай жасаймыз. Егер сынақ кезеңі сәтті аяқталса, жобаны кеңейтуге және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдері Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері гүл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы екенін атап өтті. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында бұталы раушан гүлдерін тәжірибелік негізде өсіру жұмыстары басталған. Алғашқы нәтижелер оң болған жағдайда гүл егілетін алқап көлемін кезең-кезеңімен 20 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта гүлдердің бірнеше жаңа түрі мен сәндік ағаш көшеттерін жерсіндіру бағытындағы тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі.

Жоба іске асқан жағдайда жылыжай шаруашылығының жаңа бағыты қалыптасып, өңірде жоғары қосылған құны бар өнім өндіру көлемі артады. Бұл ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға, импортты алмастыруға және ішкі нарықтың сұранысын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа өндірістердің ашылуы тұрақты жұмыс орындарын құрып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және шағын кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, өндірілетін гүл өнімдеріне Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясы нарығында тұрақты сұраныс қалыптасқан. Осыған байланысты Түркістан облысында экспортқа бағдарланған өндірісті дамытуға және жаңа өткізу нарықтарын игеруге мүмкіндік мол. Бұл өз кезегінде ұлттық экспорттаушылардың әлеуетін арттырып, қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.

Бүгінде Түркістан облысында инвестиция тарту өңірдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі саналады. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын мұндай жобалар экономиканы әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық өндірістік тәжірибені игеруге жол ашады. Инновациялық жылыжай кешендерінің іске қосылуы су және энергия ресурстарын тиімді пайдалануға, өнім сапасын арттыруға және өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге мұндай инвестициялық жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, шекара маңындағы сауданың дамуына серпін береді. Логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі, көлік дәліздерінің тиімді пайдаланылуы және экспорттық жеткізілімдердің ұлғаюы өңірдің халықаралық сауда жүйесіндегі рөлін күшейтеді. Бұл кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға шығуға және экспорт көлемін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік береді.

Жобаның жүзеге асырылуы өңірді көгалдандыру жұмыстарына да оң әсерін тигізеді. Бұған дейін сырттан жеткізіліп келген гүлдер мен сәндік ағаштардың бір бөлігін жергілікті жерде өндіру арқылы импортқа тәуелділік төмендеп, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Өнімді өңір ішінде өндіру логистикалық шығындарды азайтып, маусымдық баға ауытқуларының алдын алуға ықпал етеді. Бұл тұтынушылар үшін сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және әділ баға белгілеу қағидаттарын қамтамасыз етуге де оң әсер етеді.

Кездесу қорытындысында компания Түркістан облысының климаттық жағдайына бейімделген гүлдер мен сәндік ағаштардың бірнеше түрін тәжірибелік негізде отырғызуды бастайтын болды. Сынақ нәтижелері сәтті болған жағдайда жобаны кезең-кезеңімен кеңейту, жаңа өндірістік алаңдар ашу және инвестиция көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл бастама Түркістан облысының экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге, қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға, ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдауға және өңірдің халықаралық сауда-экономикалық байланыстарын одан әрі дамытуға маңызды үлес қосады.