РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістан: Төлеби ауданы халықаралық ынтымақтастық арқылы экономикалық дамуды күшейтуде

Түркістан облысы Төлеби ауданының халықаралық өңірлік ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстары жаңа деңгейге көтерілуде. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған ресми және іскерлік делегацияның Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, өңіраралық байланыстарды кеңейтуге және экономикалық әріптестікті дамытуға бағытталды.

Сапар аясында Төлеби ауданы мен Ташкент облысының Бостандық ауданы арасында достық қарым-қатынастар мен өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы тату көршілік байланыстарды өңірлік деңгейде нығайтып қана қоймай, экономикалық өсімге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам болып табылады.

Меморандумға қол қою рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Ташкент облысы әкімінің туризм және мәдениет саласына жауапты орынбасары Жамшид Бабажанов және Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жамшид Шукуров қатысты. Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылап, экономикалық байланыстарды кеңейту, кәсіпкерлік субъектілер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды.

Қол қойылған меморандум аясында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, екі өңір кәсіпкерлері арасындағы әріптестікті жандандыру және сыртқы сауда үшін қолайлы жағдай қалыптастыру көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар Төлеби ауданының экономикалық әлеуетін арттыруға, жергілікті өндіріс орындарының дамуына және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту Түркістан облысының экономикалық даму стратегиясының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Өңірдің географиялық орналасуы, тарихи және мәдени жақындығы көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға қолайлы мүмкіндік береді. Осындай келісімдер арқылы өңір экономикасы әртараптанып, жаңа инвестициялар тартуға, өндірістік кооперацияны дамытуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға жол ашылады.

Меморандумда ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, медицина және денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту бағыттары да қамтылған. Әсіресе трансшекаралық, тау және экологиялық туризмді дамыту екі өңір үшін де экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Төлеби ауданының табиғи ерекшеліктері мен туристік әлеуеті шетелдік келушілерді тартуға мүмкіндік берсе, Бостандық ауданының тәжірибесі мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктері өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.

Экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыты – инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау. Өңірлер арасындағы іскерлік байланыстардың нығаюы отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Тауар айналымын ұлғайту, өндірістік байланыстарды қалыптастыру және бірлескен кәсіпорындар құру арқылы экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасалады.

Сонымен қатар мұндай халықаралық әріптестік қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға және ұлттық экспорттаушыларды қолдауға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлердің шетелдік нарықтармен байланысын кеңейтуі өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге, жаңа технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ынталандырады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін арттырып, өңірлік экономиканың дамуына оң әсер етеді.

Меморандум аясында тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша жауапты үйлестірушілерді белгілеп, тұрақты байланыс орнату тетіктерін қалыптастырады. Бұл бірлескен жобаларды тиімді жоспарлауға, тәжірибе алмасуды жүйелі түрде жүргізуге және өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы үшін халықаралық өңірлік ынтымақтастық – экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырудың, жаңа инвестиция көздерін тартудың және өндірістік әлеуетті күшейтудің маңызды құралы. Көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту арқылы облыста кәсіпкерлік орта нығайып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мүмкіндіктер кеңейеді.

Төлеби және Бостандық аудандары арасындағы бұл келісім – екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді әріптестіктің нақты көрінісі. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірлескен жобалар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, сауда байланыстарын кеңейтуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға қызмет ететін болады.