РУС ENG
4 ноября, 2026

Қытаймен стратегиялық әріптестік нығаюда: Түркістан облысында жаңа инвестициялық жобалар іске асырылады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Түркістан облысымен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында Қытайдың 50-ден астам жетекші компанияларының басшыларымен және инвесторларымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Жұмыс сапарының басты мақсаты – өңірге тікелей инвестициялар тарту, өндірістік кооперацияны дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, қазақстандық өнімнің сапасын арттыру және экспорттық әлеуетін ұлғайту болды.

Делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен кездесіп, B2B және G2B форматында келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым, көлік және логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Инвесторлар өздерінің Түркістан облысында іске асыруға ниетті жобаларын таныстырып, тараптар өзара тиімді әріптестікті нығайту бағытында нақты ұсыныстар алмасты.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау және халықаралық деңгейдегі серіктестікті дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Түркістанның тоғыз жолдың торабында орналасқанын айтып, өңірде ірі логистикалық орталық қалыптастыруға барлық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Облыс басшысы Түркістанда жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетілетінін ерекше атап өтті.

Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылған. Бұл көрсеткіш екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды. Ал Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бері инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың тиімді алаңына айналып келеді.

Келіссөздер барысында Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер және арнайы экономикалық мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібін дамыту, жоғары технологияларды енгізу, өндіріс көлемін ұлғайту және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды көбейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Сапар аясында медициналық технологиялар саласында жұмыс істейтін халықаралық компания Қазақстан нарығына шығу жоспарын ұсынып, жасанды сүйек тіндерін қалпына келтіруге арналған материалдар мен күйік және жарақаттарды емдеуге қолданылатын жасанды тері матрицаларын өндіру жобасын таныстырды. Компания алдағы уақытта Түркістан облысында өндіріс орнын ашу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Wuhan Engineering компаниясымен өткен кездесуде Түркістан облысында заманауи саябақтар, гүл және құс базарларын салу жобасы қаралды. Жобаның алдын ала инвестициялық көлемі 180 миллион юаньды құрайды. Бұл бастама өңірдің туристік және кәсіпкерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Арнайы техникалар өндіретін қытайлық компаниялармен жүргізілген келіссөздер барысында Түркістан облысында коммуналдық және жол техникаларын құрастыратын өндіріс ашу мәселесі талқыланды. Мұндай кәсіпорынның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.

Жұмыс сапарының маңызды бағыттарының бірі туризм саласына арналды. Қытайлық халықаралық компания Түркістан облысында океанариум немесе теңіз тақырыбындағы ірі ойын-сауық және туристік парк салу жобасын ұсынды. Инвестиция көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдің туристік тартымдылығы артып, ішкі және шетелдік туристер саны көбейеді.

Қытайдың ірі агроөнеркәсіптік құрылымдарының бірі саналатын Huapei Group өкілдерімен өткен кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ет өнімдерін өңдеу, сақтау және логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы әріптестік қазақстандық өнімнің сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге, қайта өңдеу үлесін арттыруға және Қытай нарығына экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау инфрақұрылымын жетілдіру және заманауи логистикалық жүйелерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сапар барысында Қытайдың жетекші құрылыс және инфрақұрылым компанияларымен «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жобасы да талқыланды. Сондай-ақ қытайлық компаниялар «Ирсу» және «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарын дамытуға қызығушылық танытып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.

Жалпы алғанда, Қытайға жасалған жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы 50-ден астам компания басшыларымен және инвесторлармен кездесіп, жалпы құны жүздеген миллион долларды құрайтын инвестициялық жобаларды талқылады. Бұл келіссөздер өңірге жаңа өндірістер тартуға, халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға, қазақстандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтар Түркістан облысының тұрақты экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірдің инвестициялық тартымдылығының одан әрі артуына негіз болады.