РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістан мен Қытай: Экономикалық әріптестік жаңа деңгейде

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары өңірдің экономикалық дамуы, инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа технологияларды тарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Сапар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, өңіраралық байланыстарды дамытуға және экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастыруға бағытталды.

Түркістан облысы бүгінде экономиканы әртараптандыру, өндіріс көлемін арттыру, инвестиция тарту және халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Өңір үшін негізгі міндеттердің бірі – тек шикізаттық бағытқа тәуелді болмай, заманауи өндіріс орындарын ашу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, логистика, туризм және технологиялық салаларды ілгерілету арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу.

Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық осы бағыттағы маңызды мүмкіндіктердің бірі саналады. Сапар барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық алаңдардың мүмкіндіктері ұсынылды.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қытайдың Юньнань провинциясындағы Куньмин қаласынан басталды. Бұл қала заманауи агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы, гүл шаруашылығы және экспорттық өндіріс салаларында жетекші орталықтардың бірі болып табылады. Түркістан облысының делегациясы аталған өңірге Қазақстан облыстары арасында алғашқылардың бірі болып ресми сапармен барды.

Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Коммунистік партиясының комитет секретары, сондай-ақ Yunnan Construction & Investment Holding Group Co. компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзуцзюньмен келіссөздер жүргізді.

Тараптар инфрақұрылым, құрылыс, логистика, өндіріс және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағыттарын талқылады. Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс және инфрақұрылым холдингі саналатын компания автомобиль жолдары, көлік инфрақұрылымы, индустриялық парктер және ірі құрылыс жобаларын іске асыру тәжірибесімен танымал.

Келіссөздер барысында Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Өңірде инвесторларға қолдау көрсету тетіктері, арнайы экономикалық аймақтың артықшылықтары және өндірістік жобаларды орналастыру мүмкіндіктері айтылды.

Түркістан облысы – Қазақстандағы аграрлық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Сондықтан Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін енгізу, заманауи жылыжай технологияларын пайдалану, су үнемдеу әдістерін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өндірістерін іске қосу өңір экономикасының жаңа драйверлеріне айналуы мүмкін.

Экономиканы әртараптандыру бағытында ауыл шаруашылығын терең өңдеу, азық-түлік өндірісін дамыту, экспорттық өнім көлемін арттыру және жаңа кәсіпорындар ашу маңызды рөл атқарады. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың табысын арттырып, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысында 218 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Сонымен қатар өңірде 300-ден астам шетелдік қатысуы бар кәсіпорын қызмет атқарады. Облыс аумағында 21 индустриялық аймақ жұмыс істеп, инвесторларға дайын инфрақұрылымдық мүмкіндіктер ұсынылуда.

Арнайы экономикалық аймақ «TURKISTAN» аясында 35 басым бағыт бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мұнда кәсіпкерлер үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өңірге жаңа өндіріс орындарын тартуға және өнеркәсіп саласын дамытуға ықпал етуде.

Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуеті де жоғары. Өңір арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі Қытай мен Еуропа арасындағы сауда байланыстары үшін маңызды бағыт болып саналады. Сонымен қатар Түркістан халықаралық әуежайы өңірдің сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қытаймен ынтымақтастық аясында автожол салу, логистикалық орталықтар құру, өндірістік жобаларды жүзеге асыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Бұл жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық белсенділіктің артуына серпін береді.

Түркістан облысы үшін халықаралық серіктестік – экономикалық өсудің маңызды құралы. Қытаймен байланыстарды дамыту арқылы өңір өндірісті жаңғырту, экспорттық әлеуетті арттыру, инновациялық технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.

Жалпы, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жаңа өндірістерді дамыту – Түркістан облысының ұзақ мерзімді экономикалық стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. Бұл жұмыстар өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.