Түркістанда мәдениет пен туризм саласын дамыту – өңір экономикасының өсу факторы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы Ринат Мұхаметқали Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі мәдениет және туризм саласының қызметкерлерімен кездесті. Маңызды жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, жүргізді.
Кездесу барысында Түркістан облысының мәдени-рухани әлеуетін арттыру, туризм саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраларды тиімді пайдалану, сондай-ақ осы бағыттардың өңір экономикасына қосатын үлесі кеңінен талқыланды.
Түркістан – Қазақстанның рухани астанасы ғана емес, соңғы жылдары экономикалық тұрғыдан да қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Қасиетті шаһардың халықаралық деңгейде танылуы, туристік бағыттардың кеңеюі және мәдени нысандардың көбеюі облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде Түркістанның еліміздің рухани және мәдени орталығы ретіндегі маңызына тоқталып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
– Ежелден өркениет пен руханияттың ордасына айналған қасиетті Түркістан өңірінің мәдени-рухани бағытта дамуы үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Рухани шаһарда ел үшін маңызды шешімдер қабылданатын халықаралық деңгейдегі жиындар тұрақты өтуде. Жақында Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде өткіздік. Алдағы уақытта да халықаралық маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. 2027 жылы Түркістан қаласы Халықаралық ИСЕСКО ұйымының шешімімен ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Бұл – өңірдің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, экономика мен туризм саласының дамуына үлкен серпін береді, – деді ол.
Мәдениет пен туризм саласының дамуы өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Себебі туристік инфрақұрылымның жақсаруы қонақүй, қоғамдық тамақтану, сауда, көлік және қызмет көрсету салаларының дамуына тікелей әсер етеді. Түркістанға келетін туристер санының артуы кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік беруде.
Өңірде соңғы жылдары мәдениет нысандарын жаңғыртуға, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыруға және тарихи орындарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы аудан, қалаларда 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл 10 мәдениет ошағының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар халыққа мәдени қызмет көрсетіп қана қоймай, жергілікті жерлердегі шығармашылық индустрияның дамуына жол ашады.
Сонымен қатар облыстық мәдениет мекемелері республикалық және халықаралық байқауларда Түркістанның өнерін танытып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Театрларда жаңа қойылымдар сахналанып, концерттік ұйымдар мазмұнды мәдени бағдарламалар ұсынуда.
Биыл Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Еуропа елдерінде өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін әлемге танытты. Мұндай жобалар өңірдің мәдени имиджін көтеріп қана қоймай, халықаралық байланыстардың нығаюына және мәдени туризмнің дамуына ықпал етеді.
Түркістанда халықаралық деңгейдегі өнер фестивальдері, жәрмеңкелер, мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралар туристерді тартудың тиімді құралына айналып, өңір экономикасына қосымша мүмкіндік беруде. Мәдени іс-шараларға келген қонақтар жергілікті кәсіпкерлердің қызметін пайдаланып, өңірдегі тауарлар мен ұлттық өнімдерге сұранысты арттырады.
Кездесу барысында қатысушылар мәдениет пен туризм салаларын экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерімен байланыстыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, тарихи орындарды насихаттау, туристік маршруттарды көбейту, ұлттық қолөнер мен шығармашылық кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Түркістан облысында туризмді дамыту – тек саяхатшылар санын арттыру емес, сонымен бірге жаңа өндіріс пен қызмет көрсету бағыттарын қалыптастыру, халықтың табысын арттыру және инвестиция тарту үшін маңызды бағыттардың бірі. Өңірдегі мәдени мұра мен тарихи құндылықтарды тиімді пайдалану арқылы Түркістанды халықаралық туристік орталыққа айналдыруға мүмкіндік бар.
Жиын соңында мәдениет пен туризм саласын дамыту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа жобаларды жүзеге асыру және елдің рухани-мәдени беделін көтеру бағытында бірлескен жұмыстар жалғаса беретіні айтылды.
