РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістан мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігі жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашты

Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысының өңіраралық байланыстарды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев бауырластық туралы меморандумға қол қойды. Бұл маңызды құжат екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және туристік байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталған.

Түркістан мен Ташкент облыстары – Орталық Азиядағы экономикалық әлеуеті жоғары, халық саны мен өндірістік мүмкіндігі мол өңірлер. Сондықтан аталған келісім екі тарап үшін де жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлер арасындағы әріптестікті кеңейтуге және өндірістік кооперацияны дамытуға тың серпін береді.

«Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумы аясында өткен кездесулер барысында екі өңірдің бизнес қауымдастығы өзара тиімді әріптестік орнатудың нақты тетіктерін талқылады. Форумға қатысқан 200-ге жуық кәсіпкер мен инвестор ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, логистика, туризм және сауда салаларындағы жаңа мүмкіндіктерге назар аударды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің нығаюы өңірлердің дамуына тікелей ықпал етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жалпы аумағы 1960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен 1400 гектарлық арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл аумақтар толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлер үшін салықтық әрі кедендік жеңілдіктер қарастырылған.

Форум барысында қол қойылған келісімдер өңір экономикасының нақты секторларын дамытуға бағытталған. Нәтижесінде жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдар жасалды. Соның ішінде «Қазкрахмал» серіктестігі Өзбекстанның «Right to Win» компаниясымен 5 миллион долларлық келісімге қол қойып, жүгеріні терең өңдеу арқылы өндірілген крахмал мен сірне өнімдерін экспорттауға уағдаласты. Бұл өңірде қосылған құны жоғары өнім өндіруді арттырып, отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «СПК Хамит» компаниясы Өзбекстанның «Bekbrend» компаниясымен тауарлы балық пен балық шабақтарын жеткізу жөнінде келісім жасаса, «Мясные продукция Туркестан» серіктестігі Сауран ауданында ет өнімдерін өңдейтін өндіріс орнын дамыту үшін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу бойынша меморандумға қол қойды.

Қазығұрт ауданында жүзеге асырылатын жаңа жобалар да ерекше назар аудартады. Атап айтқанда, «Imperial Nova Chemical» компаниясы 5 миллион доллар көлемінде минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Ал «Imputus Nova Chemicals» пен «SP ООО Zhongtian Chemical» компанияларының келісімі аясында өңірде химиялық өнімдер өндіретін жаңа кәсіпорын ашылмақ. Бұл жобалар өндірісті әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.

Бүгінде Түркістан облысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өңдеу салаларын дамытуға басымдық берілуде. Облыста жалпы инвестициялық құны 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып қана қоймай, өңірдің экспорттық мүмкіндігін арттырып, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.

Ташкент облысымен жасалған меморандумдар мен қол қойылған инвестициялық келісімдер Түркістан өңірінің экономикалық дамуына жаңа серпін бермек. Ең бастысы, бұл бастамалар отандық кәсіпкерлікті қолдауға, өндірістік кооперацияны күшейтуге, жаңа нарықтарға шығуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуға қызмет етеді. Бүгінгі таңда Түркістан мен Ташкент арасындағы әріптестік тек екі өңірдің ғана емес, тұтас Орталық Азия кеңістігінің экономикалық тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосатын маңызды стратегиялық серіктестікке айналып отыр.