«Шекарасыз ынтымақтастық»: Түркістан мен Ташкент облыстары экономикалық әріптестіктің жаңа кезеңін бастады
Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында Түркістан және Ташкент облыстары кәсіпкерлерінің қатысуымен «Шекарасыз ынтымақтастық» тақырыбындағы халықаралық бизнес-форум өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шара екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды. Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация қатысып, өңіраралық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Іскерлік кездесуге екі өңірден 200-ге жуық кәсіпкер, инвестор және сала өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті өңірлік деңгейде нығайту, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнату, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және өзара сауда көлемін ұлғайту. Бүгінде көршілес екі елдің қарым-қатынасы мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, нақты экономикалық нәтижелер бере бастады.
Форум барысында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, бауырлас халықтарды байланыстыратын тарихи, мәдени және рухани құндылықтардың бүгінгі экономикалық ықпалдастыққа берік негіз болып отырғанын атап өтті. Тараптар шекаралас өңірлердің дамуы екі мемлекет арасындағы сауда айналымының өсуіне және инвестициялық байланыстардың кеңеюіне тікелей әсер ететінін жеткізді.
Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатқанын айтып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі форум тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, болашақ бірлескен өндірістер мен инвестициялық бастамалардың негізін қалайтын маңызды кездесу болып табылады.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, Түркістан облысы инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы өңір екенін атап өтті. Облыс басшысы бүгінде Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өндірісі, туризм, құрылыс және логистика салалары қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда жалпы инвестициялық құны 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен де бірқатар маңызды өндірістер жұмыс істеуде. Атап айтқанда, 10 мың басқа арналған ет комбинаты мен бордақылау алаңы, тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт және күнбағыс майын шығаратын кәсіпорын өңір экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына ықпал етуде.
Облыс әкімінің айтуынша, инвесторларды қолдау мақсатында Түркістан өңірінде жалпы аумағы 1960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ және көлемі 1400 гектар арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл өндірістік алаңдар толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлерге салықтық, кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар инвесторларға дайын өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе тиімді шарттармен сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.
Форум барысында Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасына ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы өндірістік және логистикалық байланыстарды күшейтіп, Орталық Азиядағы экономикалық интеграцияның маңызды драйверіне айналады.
Іс-шарада индустриялық аймақтар мен өндірістік парктердің мүмкіндіктері таныстырылып, өндірісті локализациялау, импортты алмастыру және экспортқа бағытталған кәсіпорындарды дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар туризм саласындағы ынтымақтастық бағыттары қарастырылып, Түркістанның тарихи-мәдени мұраларын халықаралық деңгейде бірлесіп насихаттау бойынша ұсыныстар айтылды.
Форум аясында өткен екіжақты B2B кездесулер кәсіпкерлерге жаңа серіктестер табуға, инвестициялық ұсыныстармен танысуға және бірлескен жобалар бойынша келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде тараптар сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге, іскерлік қатынастарды нығайтуға және жаңа инвестициялық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.
«Шекарасыз ынтымақтастық» форумы Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, екі өңірдің кәсіпкерлері үшін жаңа нарықтарға жол ашатын, инвестиция мен өндірістік кооперацияны дамытуға серпін беретін маңызды алаң ретінде бағалануда.
