Түркістан облысында өндіріс пен инвестициялық жобалар экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналуда
Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңірде іске асырылып жатқан индустриялық жобалар жаңа өндіріс орындарын ашып қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтуға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.
Бүгінде облыста импорт алмастыруға бағытталған жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, экономиканың жаңа салаларын қалыптастыруға негіз болуда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, дрон өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия және қайта өңдеу салаларында ауқымды кәсіпорындар іске қосылуда.
Олардың қатарында әлемдік деңгейдегі John Deere және Lovol брендтерінің ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жобалары ерекше маңызға ие. Аталған өндірістер ауыл шаруашылығы саласын заманауи техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірде машина жасау саласының дамуына серпін бермек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін дрондар өндірісі де жолға қойылуда.
Өңірде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға да басымдық берілген. Бояу-әрлеу, тігін, төсек-жайма және джинс маталарын шығаратын жаңа фабрикалар іске қосылып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Бұл кәсіпорындар импорт көлемін қысқартумен қатар, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Химия өнеркәсібінде де жаңа өндірістер қолға алынған. Карбамид, биологиялық қоспалар мен витаминдер өндіретін зауыттар агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін кәсіпорындар қалдықсыз өндіріс қағидатын енгізіп, өнімнің қосымша құнын арттыруға мүмкіндік беруде. Мұндай жобалар өңірдегі терең өңдеу саласының дамуына жол ашып отыр.
Инвесторларды қолдау мақсатында облыста өндірістік инфрақұрылым қарқынды дамытылуда. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 881 млрд теңгені құрайтын 98 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 7 663 жаңа жұмыс орны ашылған. Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына ұсынылатын жеңілдіктер жаңа инвесторларды тартуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға оң әсерін тигізуде.
Сонымен қатар индустриялық аймақтарда жалпы құны 124 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 6 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл алаңдарда кәсіпкерлерге қажетті инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілген. Нәтижесінде өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік туып, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптасқан.
Шағын және орта бизнесті қолдау да облыстың экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Осы мақсатта өңірде 29 өндірістік алаң құрылып, жалпы саны 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар аясында 227 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, 5 879 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл өндірістік алаңдар кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, жаңа өндірістерді ашуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық саясаттың тиімділігі өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштерінен де байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының еліміздегі инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналғанын көрсетеді.
Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспарлы көрсеткіштен жоғары орындалды. Өткен жылы өңірде 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл тағы 67 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмыстар өңір экономикасының тұрақты өсуіне негіз болып отыр. Іске асырылып жатқан жобалар жаңа өндірістердің қалыптасуына, халықтың табысын арттыруға және облыстың еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік беруде.
