Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру мен өндірісті дамыту қарқын алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту және өндірісті дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеген. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында экономиканы әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің тапсырмасымен өңір экономикасына кешенді талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың экономикалық ерекшелігі, өндірістік әлеуеті, табиғи ресурстары, шикізат қоры, импортқа тәуелділік деңгейі және ішкі нарықтың сұранысы жан-жақты зерделенді. Нәтижесінде экономиканың нақты секторларын дамытуға және жаңа өндірістер ашуға бағытталған жүйелі жоспарлар әзірленді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Түркістан облысы соңғы жылдары экономикалық өсім қарқынын айтарлықтай арттырды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 34,6 пайызға өсті. Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде экспорт көлемі 42 пайызға артып, 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштер облыста өндірілетін өнімдердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің күшейгенін және экспорттық әлеуеттің жоғарылағанын көрсетеді.
Өңір экономикасын дамытудағы негізгі бағыттардың бірі – шикізатты терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығару. Осы мақсатта импорт құрылымына арнайы талдау жүргізіліп, құны 154 млн АҚШ долларына дейінгі тауарларды өңір ішінде өндіруге мүмкіндік бар екені анықталды. Бұл өз кезегінде жаңа өндірістер ашуға, отандық кәсіпкерлікті қолдауға және импорт көлемін қысқартуға негіз болды.
Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылды. Аталған кәсіпорындар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жүздеген жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Lihua» компаниясының заманауи жіп иіру фабрикасы іске қосылып, тоқыма өнеркәсібін дамытуға серпін берді. Сонымен қатар «QazLaminat» ламинат зауыты құрылыс материалдары нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге бағытталса, «Er Qan» кәсіпорны бір реттік ыдыс-аяқ өндірісін жолға қойды. Ал «QazEcoPack» зауыты қаптама өнімдерінің маңызды түрі саналатын скотч өндірісін жүзеге асыруда.
Сауран ауданында «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясының тоңазытқыш өндірісі іске қосылып, тұрмыстық техника саласындағы импорт үлесін төмендетуге ықпал етуде. Шардара ауданында жүгеріні терең өңдеумен айналысатын «Казкрахмал» зауыты ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша құнын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі-түсті сусындар шығаратын «Beibars Bottlers» кәсіпорны жұмысын бастап, азық-түлік өнеркәсібінің дамуына үлес қосуда. Ал Кентау қаласында іске қосылған «Turan Shenhua» зауыты газ қазандықтарын өндіру арқылы отандық машина жасау саласының дамуына жол ашты.
Өңірде бұдан бөлек жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникалары мен дрондар өндірісі, тігін және тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, химия саласы мен биологиялық қоспалар шығару бағытында жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Экономиканың тұрақты дамуына арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың да үлесі зор. Бұл өндірістік алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылым ұсынып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жағдай жасауда. Нәтижесінде өңірде өндіріс көлемі артып, жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың табысы өсуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың басты мақсаты – өндірісті күшейту, инвестиция көлемін ұлғайту, экспорттық әлеуетті арттыру және өңірді жоғары технологиялы өндірістер шоғырланған индустриялық орталыққа айналдыру. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға негіз болуда.
