Түркістан облыстық қоғамдық кеңесі өңірдің экономикалық өсіміне жоғары баға берді
Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің XIV кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Байділдә Жылқышиев жүргізді. Оған облыс әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары мен сала мамандары қатысты.
Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық ахуал, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелер қаралды. Кеңейтілген отырыс барысында өңірдің даму көрсеткіштері жан-жақты талданып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттар айқындалды.
Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің даму басымдықтарына тоқталып, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
– Соңғы жылдары «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Инфрақұрылым, ауыз су, газ, электр энергиясы және жол салаларында нақты нәтижелер бар. Ендігі басты міндет – өңір экономикасын күшейтіп, өзін-өзі қамтамасыз ететін, өндірісі дамыған аймаққа айналу. Президентіміз шикізат өндіруші ғана емес, терең өңдеу өнеркәсібі қалыптасқан мемлекет болу міндетін қойды. Осы бағытта өндірістік парктерді көбейтіп, оларды аудан, қала ғана емес, ауылдық елді мекендерде де дамытуға күш салып жатырмыз. Барлық салада жаңашылдық енгізіліп, инвестиция тарту жұмыстары жандануда. Бірлесе еңбек етсек, Түркістан облысын еліміздің жетекші өңірлерінің қатарына шығарамыз, – деді облыс әкімі.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен инвестициялық жобалар жөнінде баяндама жасады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңір экономикасына кешенді талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың өндірістік әлеуеті, шикізат қоры, импортқа тәуелділігі және ішкі нарық қажеттілігі сараланған. Соның нәтижесінде нақты инвестициялық жобалар айқындалып, экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған.
2025 жылдың қорытындысында облыстың сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құрады. Ал экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының өндірістік әлеуеті артып, сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Импортты алмастыру және терең өңдеу өндірістерін дамыту мақсатында жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске қосылды. Олардың қатарында Түркістан қаласындағы жіп иіру фабрикасы, ламинат, бір реттік ыдыс-аяқ және скотч шығаратын зауыттар, Сауран ауданындағы тоңазытқыш өндірісі, Шардарадағы жүгеріні терең өңдеу зауыты, Түлкібастағы сусын шығару кәсіпорны мен Кентаудағы газ қазандықтары өндірісі бар.
Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы техникаларын, дрондарды, құрылыс материалдарын, тоқыма өнімдерін, биологиялық қоспалар мен түрлі өндірістік тауарларды шығаратын жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологиялардың енгізілуіне және жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өндірістік инфрақұрылым қалыптастырылған. Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 881 млрд теңгенің 98 жобасы жүзеге асырылып, 7 663 жұмыс орны ашылған. Ал индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыс бойынша 29 өндірістік алаң құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар аясында жалпы құны 227 млрд теңгені құрайтын кәсіпорындар іске қосылып, 5 879 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік белсенділігі артып, өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалануда.
Инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспар толық орындалды. Өткен жылы 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 67 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш өңірде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың тиімділігін және инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді.
Сонымен қатар 2026–2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталған. Аталған жобалардың нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Алдағы бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,6 есеге арттыру және өзіндік кірістер көлемін 2,3 есеге ұлғайту жоспарланған. Осылайша, 2025 жылғы 5,1 трлн теңгелік жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 13 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға беріп, инвестиция тарту, өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың нәтижелі екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтық қоғам институттарымен өзара байланысты нығайту маңызды екені айтылды.
