Түркістан мен Гуйчжоу провинциясы арасында экономикалық әріптестіктің жаңа кезеңі басталды
Түркістан облысы халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейту және шетелдік инвестицияларды тарту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасының Гуйчжоу провинциясынан келген ресми делегациямен кездесті. Делегацияны Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян бастап келді.
Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, цифрлық технологиялар, өндіріс, туризм және логистика салаларындағы өзара тиімді әріптестік мәселелері жан-жақты талқыланды. Тараптар екі өңірдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға мүдделі екендерін атап өтті.
Қанат Қайыпбек қытайлық делегация өкілдеріне Түркістан облысының инвестициялық және өндірістік мүмкіндіктерін таныстырып, өңірдің қолайлы географиялық орналасуы мен инвесторларға жасалған жағдайларға тоқталды.
– Түркістан облысымен бауырластық қарым-қатынас орнатуға танытқан қызығушылықтарыңыз біз үшін ерекше маңызды. Бүгінде өңірімізде инвесторлардың табысты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдіріліп, өндірістік жобаларды жүзеге асыруға арналған арнайы инфрақұрылым қалыптасқан. Түркістан облысы халықаралық көлік дәліздерінің тоғысқан жерінде орналасқан стратегиялық өңір болып саналады. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалының басым бөлігі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізі арқылы өтеді. Сонымен қатар Орталық Азияны Ресей және Сібір аймақтарымен байланыстыратын маңызды теміржол желілері де облыс аумағы арқылы өтеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кездесуде Түркістан халықаралық әуежайының мүмкіндіктері де таныстырылды. Заманауи әуежай жылына 3 миллионға дейін жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті. Бұл өңірдің туристік және іскерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық инвестициялық байланыстарды дамытуға да ықпал етеді.
Сондай-ақ Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі өңір кәсіпкерлері мен инвесторларына 180 миллионнан астам тұтынушысы бар ортақ нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Бұл нарықта тауарлар мен қызметтердің, капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етілген әрі кедендік кедергілер жоқ.
Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан индустриялық өңірлердің біріне айналып отыр. Облыс аумағында инвесторларға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы толық жүргізілген 21 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер кәсіпкерлерге өндіріс орындарын қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік беруде. Ал жоғары технологиялық және терең өңдеу өндірістерін дамыту мақсатында құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағы шетелдік инвесторлар үшін тиімді алаң саналады.
Өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі саналатын ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды мүмкіндіктер бар. Түркістан облысы республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі ретінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты қытайлық инвесторлар үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, экспорттау және агротехнологияларды енгізу бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік қарастырылған.
Өз кезегінде Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян Түркістан қаласының қарқынды дамуын, тарихи-мәдени мұрасын және туристік әлеуетін жоғары бағалады. Ол ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, білім беру, сауда және өнеркәсіп салаларында ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар өңіраралық байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта Түркістан облысы мен Гуйчжоу провинциясы арасында бауырластық қатынастар туралы келісімге қол қою бастамасы көтеріліп, осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілетін болды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жыл сайын нығайып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және Түркістан облысының экономикалық өсімін жеделдетуге елеулі үлес қосып отыр.
Осылайша, Түркістан мен Гуйчжоу провинциялары арасындағы жаңа әріптестік өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
