Түркістан облысында қуаты 300 мвт күн электр станциясы салынуда: Өңір экономикасына жаңа серпін
Түркістан облысында қуаттылығы 300 МВт болатын фотоэлектрлік және энергия сақтау жүйесі кешенінің (ФЭС және ЭСЖ) құрылысы қарқынды түрде жалғасуда. Жобаның алғашқы партиясының қадалы іргетасын құю рәсімінің өтуі оның негізгі құрылыс кезеңіне толық көшкенін білдіреді. Аталған іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, инвесторлар, энергетика саласының мамандары және жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «жасыл» экономиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері күн энергиясын өндіруге өте қолайлы. Сондықтан өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба тек энергетика саласын дамытуға ғана емес, сонымен қатар экономиканың әртүрлі секторларына оң әсерін тигізетін стратегиялық бастама болып табылады.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – Түркістан облысына тартылған ең ірі шетелдік инвестициялық жобалардың бірі. Мұндай көлемдегі қаржының өңірге келуі жергілікті экономиканың дамуына, жаңа өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың салынуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді.
Аталған күн электр станциясы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты жемісі болып табылады. Жоба Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінен кейін қол қойылған Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы негіздемелік келісім аясында іске асырылуда. Бұл өз кезегінде халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін және Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласында шетелдік инвесторлар үшін тартымды елге айналып келе жатқанын көрсетеді.
Құрылыс жұмыстарының басталуы өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде шамамен 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жергілікті халықты жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосады. Сонымен қатар құрылысқа қажетті материалдар мен қызметтерді жеткізуші жергілікті кәсіпорындардың тапсырыс көлемі артып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Құрылыс саласы, логистика, қызмет көрсету, көлік және сауда секторлары да жобаның игілігін көрмек.
Күн электр станциясы пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өңірдің электр энергиясына деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергетикалық тәуелсіздіктің артуы жаңа өндіріс орындарын ашуға, индустриялық жобаларды іске асыруға және инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Соңғы жылдары Түркістан облысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салалары қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттардың барлығы тұрақты және сенімді энергия көздерін қажет етеді. Сондықтан жаңа күн электр станциясы өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің маңызды факторына айналмақ. Электр энергиясының қосымша көлемі өндіріс орындарының тиімді жұмыс істеуіне, ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды енгізуге және туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – энергия сақтау жүйесінің қарастырылуы. Бұл өндірілген электр энергиясын жинақтап, оны тұтыну көлемі жоғары кезеңдерде пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде электр желісінің тұрақтылығы артып, энергия тапшылығының алдын алу мүмкіндігі күшейеді. Мұндай технологиялар әлемдік энергетика саласындағы озық тәжірибелердің бірі саналады.
Экологиялық тұрғыдан алғанда да жобаның маңызы зор. Күн энергиясын пайдалану атмосфераға зиянды шығарындылардың көлемін азайтып, көмірсутекті отындарға тәуелділікті төмендетеді. Бұл Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін орындауына және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсаттарына үлес қосады. Сонымен қатар өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етеді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер жұмыстары толық аяқталған. Кеңсе, жатақхана және қойма ғимараттары салынған. Ендігі кезеңде негізгі энергетикалық қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыру барысында халықаралық сапа стандарттары мен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталатын болады.
Түркістан облысындағы 300 МВт күн электр станциясы – тек энергетикалық нысан ғана емес, сонымен қатар өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды стратегиялық жоба. Оның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өндірістің дамуына, бюджет түсімдерінің көбеюіне және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігінің нығаюына ықпал етеді.
2027 жылы пайдалануға берілуі жоспарланған бұл нысан Түркістан облысын Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері саласының жетекші орталықтарының біріне айналдырып, еліміздің «жасыл» экономикаға көшу жолындағы маңызды қадамдарының бірі болмақ.
