РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістан облысы «ULTTYQ ÓNIM – 2026» көрмесінде өндірістік әлеуетін кеңінен таныстырды

Ulttyq Ónim – 2026 көрмесінде Түркістан облысының өндірістік қуаты мен кәсіпкерлік әлеуеті кеңінен таныстырылуда. Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығында бастау алған дәстүрлі IX республикалық көрме биыл ауқымы жағынан рекордтық деңгейге жетіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектілерін бір алаңға тоғыстырды. Көрмені ұйымдастырушы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры.

Биылғы маңызды бизнес алаңында Түркістан облысы атынан 25 кәсіпорын қатысып, өңірде өндірілетін отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көпшілікке паш етуде. Көрмеге қойылған өнім түрлері өңір экономикасының сан қырлы екенін аңғартады. Азық-түлік өндірісінен бастап құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, химия өндірісі мен машина жасау бағыттарына дейінгі кәсіпорындар өз жетістіктерін ұсынуда.

Атап айтқанда, DALA-FRUIT.KZ табиғи алма шырынын көпшілік назарына шығарса, AYKAN өндірген «Эмир» ірімшігі келушілердің қызығушылығын тудырып отыр. Сонымен қатар ҚАРҚЫН-2030 ет және шұжық өнімдерін, BEIBARS BOTTLERS RC Cola газдалған сусындарын, Балмуздак «Ленгерское» балмұздағын таныстыруда. Өнеркәсіп бағытындағы кәсіпорындар қатарында Trans Cable кабель өнімдерін, QAZAQ BITUM Processing битум өндірісін, QazEcoPack қаптама өнімдерін, ал Quraq Group жұмсақ жиһаз түрлерін ұсынуда. Бұдан бөлек, арнайы жұмыс киімдері мен қорғаныш аяқ киімдерін шығаратын жергілікті кәсіпорындар да өңірдің өндірістік әлеуетін айшықтап отыр.

Көрменің ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, Премьер-министр Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше басымдық беріп отырғаны, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.

Бүгінде Түркістан облысында өндіріс көлемін ұлғайту, импортты алмастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі өңір кәсіпкерлері үшін жаңа серіктестер табуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға жол ашатын маңызды алаңға айналып отыр.

Көрме аясында кәсіпкерлер үшін панельдік сессиялар, B2B кездесулер, нетворкинг алаңдары және тәжірибе алмасу бағдарламалары ұйымдастырылуда. Сонымен бірге франчайзинг, салық салу, команда қалыптастыру және бизнесте жасанды интеллектіні қолдану тақырыптарында тегін шеберлік сабақтары өтуде. Бұл кәсіп иелерінің заман талабына сай жаңа білім мен тәжірибе алуына мүмкіндік береді.

Келушілер үшін де қызықты бағдарламалар қарастырылған. Танымал өнер жұлдыздары мен блогерлердің қатысуымен концерттік кештер ұйымдастырылып, «Халық таңдауы» онлайн байқауы мен арнайы сыйлықтар ұтысы өткізілуде.

Айта кету керек, Ulttyq Ónim көрмесі – мемлекеттік қолдау алған қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін кеңінен насихаттайтын ірі алаңдардың бірі. Мұнда азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, жиһаз, химия өнеркәсібі өнімдері, медициналық тауарлар, арнайы киімдер мен қаптама өнімдері ұсынылуда.

Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі де айқын байқалады. Тек 2025 жылдың өзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, жалпы несие көлемі 2,2 трлн теңгені құрайтын шамамен 13 мың жобаға қолдау көрсетілген. Соның нәтижесінде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталған. Сонымен қатар кәсіпорындар 27,7 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке шамамен 2 трлн теңге көлемінде салық түсірген.

Еліміздегі отандық өндірісті дамытуға серпін беретін ауқымды көрме 2026 жылғы 24 мамырға дейін жалғасады.