Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы және жаңа экономикалық серпін алаңы
Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті тек халықаралық деңгейдегі маңызды саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар өңірдің экономикалық, инвестициялық және мәдени әлеуетін әлемге танытқан тарихи кезең болды. Саммиттен кейін Түркістандағы жаңа этно-туристік кешенде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлермен, жастармен және қоғам белсенділерімен кездесуі ұйымдастырылып, онда өңірдің алдағы даму бағыттары, инвестициялық мүмкіндіктері мен экономикалық көрсеткіштері жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан өңірінің халқына арнайы алғысын жеткізіп, халықаралық деңгейдегі маңызды саммитті жоғары ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл оқиға Түркістанның тек тарихи және рухани орталық қана емес, халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық аймақ екенін дәлелдеді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту және импортты алмастыру бағыттарында нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта облыстың тауар айналымына, шикізаттық әлеуетіне және өндірістік мүмкіндіктеріне кешенді талдау жасалған. Нәтижесінде өңірдің сыртқы сауда құрылымындағы негізгі мәселе – экспорттың басым бөлігінің өңделмеген шикізаттан тұратыны анықталған.
Бұл талдау облыс экономикасының әлсіз және күшті тұстарын саралап, шикізаттық бағыттан жоғары қосымша құны бар дайын өнім өндірісіне көшу қажеттігін көрсетті. Қазіргі таңда Түркістан облысында инвесторларға тек жер телімі ғана емес, нақты нарықтық есептері, шикізат көлемі және қаржылық тиімділігі алдын ала есептелген дайын бизнес-жобалар ұсынылуда. Мұндай тәсіл инвестициялық жобалардың тез іске асуына және кәсіпкерлердің тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құрады. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш өңірдің халықаралық саудадағы белсенділігінің артқанын және экономиканың жаңа деңгейге көтерілгенін айқын көрсетеді.
Облыстың негізгі стратегиялық сауда серіктестері ретінде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия мемлекеттері айқындалған. Бұл елдермен сауда-экономикалық байланыстардың нығаюы Түркістан облысының халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері, тоқыма тауарлары, минералдық шикізат және өндірістік өнімдерге деген сұраныстың артуы өңір кәсіпкерлеріне жаңа экспорттық бағыттар ашуда.
Түркістан облысы агроөнеркәсіп саласында еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларына жетті. Өңір мақта өсіру және өңдеу, жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада бірінші орында тұр. Бұл көрсеткіштер облыстың табиғи-климаттық жағдайының тиімділігін және аграрлық сектордың жоғары әлеуетін көрсетеді.
Сонымен қатар облыстағы жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 гектарға жетіп, республикадағы үлесі 72 пайызды құрап отыр. Бұл – Түркістанның жылыжай өндірісі бойынша еліміздегі абсолютті көшбасшы екенін дәлелдейді. Жылыжай шаруашылығы арқылы жыл бойы көкөніс өнімдерін өндіруге мүмкіндік туып, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге және экспорт көлемін ұлғайтуға жағдай жасалған.
Түркістан облысы тек аграрлық бағытта ғана емес, табиғи ресурстар қоры бойынша да стратегиялық маңызға ие өңір болып табылады. Облыс уран өндіру және өңдеу бойынша республикада ғана емес, әлемде бірінші орында тұр. Сонымен бірге фосфорит, темір рудасы, тұз және натрий хлориді қоры бойынша республикадағы жетекші аймақтардың қатарында. Бұл табиғи байлықтар өңірде индустриялық кластерлер қалыптастыруға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Шикізатты терең өңдеу мәселесіне облыс басшылығы ерекше назар аударып отыр. Сарапшылардың пікірінше, шикізатты өңдеу деңгейін арттыру арқылы өңір кәсіпорындарының табыстылығын 3-5 есеге дейін көбейтуге болады. Осы мақсатта облыстың әрбір аудан және қаласының ерекшеліктеріне қарай 40 инвестициялық тизер әзірленіп, инвесторларға арналған нақты бизнес-кейстер жасалған.
Қазіргі таңда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жалпы құны жүздеген миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Арнайы экономикалық аймақтарда 976,4 млрд теңгеге бағаланған жобалар іске асырылып, 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Ал индустриялық аймақтарда 132,3 млрд теңгенің жобалары жүзеге асуда.
Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылған. Бұл алаңдарда жалпы сомасы 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар да нақты нәтижесін бере бастады. Бүгінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында жүгеріні терең өңдеу, сусындар өндіру, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары, газ қазандықтары, алюминий бұйымдары және бірреттік ыдыс-аяқ шығару жобалары бар.
Сонымен бірге облыста John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, дрон өндірісі, тігін және джинс маталарын өндіру, бояу-әрлеу өнімдері, күкірт қышқылы мен карбамид шығару, биологиялық белсенді қоспалар өндіру секілді ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың жалпы құны 280 млрд теңгеден асады.
2025 жылы Түркістан облысына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 121,6 пайызды құрады. Өткен жылы 340 млрд теңгенің 58 инвестициялық жобасы іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да дәл осындай қарқынды сақтап, тағы 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Өңірдің даму қарқыны макроэкономикалық көрсеткіштерден де байқалады. 2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикалық өсімі 125,2 пайызды құрап, республикада бірінші орынға шықты. Ал 2026-2029 жылдарға арналған даму жоспары аясында жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 млрд теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде.
Алдағы бес жылда облыстың жалпы өңірлік өнімін 2,7 есеге арттыру және өзіндік кірістерді 2,3 есеге көбейту жоспарланып отыр. Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – өндірісі дамыған, инвестиция тартуға қолайлы, экспорттық әлеуеті жоғары және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңір қалыптастыру.
Түркістан бүгінде тек рухани астана ғана емес, жаңа экономикалық өсім мен индустриялық дамудың орталығына айналып келеді. Халықаралық саммиттердің өткізілуі, инвестициялық жобалардың көбеюі, өндіріс орындарының ашылуы және кәсіпкерліктің дамуы өңірдің болашағына деген сенімді күшейтуде.
