РУС ENG
4 ноября, 2026

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ TASHENEV UNIVERSITY-ДІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ IT-ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында Tashenev University базасында құрылған заманауи IT-инфрақұрылыммен танысты. Университетте таныстырылған Tashenev AI Lab жасанды интеллект зертханасы — жалпы ауданы 300 шаршы метрді құрайтын, цифрлық және инженерлік технологиялардың озық бағыттарын біріктірген жаңа буын білім беру кеңістігі.

Зертхана тек техникалық құралдар жиынтығы емес, өзара ықпалдасқан біртұтас платформа ретінде жұмыс істейді. Мұнда гуманоид роботтар, дрон-футбол және дрон-логистика бағыттары, ұшқышсыз аппараттарды басқару симуляторлары, жасанды интеллект негізіндегі VR-химия, голограммалар мен AI-агенттер, Big Data және ситуациялық орталық, сондай-ақ 3D басып шығару және ЧПУ технологиялары біріктірілген. Осындай кешенді шешімдер студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, нақты инженерлік жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Сапар барысында қала әкіміне университеттің бірқатар қолданбалы жобалары ұсынылды. Атап айтқанда, дрон технологиялары мен автономды жүйелерді дамыту, Smart City тұжырымдамасы аясындағы дрон-логистика шешімдері, сондай-ақ виртуалды орта мен цифрлық құралдар арқылы химия пәнін оқытудың жаңа тәсілдері таныстырылды. Бұл әдістер оқу үдерісін қауіпсіз, интерактивті әрі тиімді етуге бағытталған.

Кездесу қорытындысында Ғабит Сыздықбеков ұсынылған жобалардың практикалық маңызын, технологиялық өзектілігін және кеңінен енгізу әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, мұндай бастамалардың IT саласын дамытуға, білікті мамандар даярлауға және Шымкент қаласының инновациялық әлеуетін арттыруға қосатын үлесін атап өтті.