ТҰРАН АУДАНЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Шымкент қаласының Тұран ауданында тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Аудан аумағында балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, сондай-ақ тұрғын үйлердің көркін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Қазіргі таңда Тұран ауданы бойынша 406 балалар ойын алаңшасы және 109 спорт алаңшасы бар. Оның ішінде 28 ойын алаңшасы мен 26 спорт алаңшасы жеке секторда орналасса, көп қабатты тұрғын үйлер аумағында 378 ойын және 83 спорт алаңшасы халық игілігіне қызмет етуде.
2025 жылға жоспарланған абаттандыру жұмыстары аясында ауданда барлығы 32 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 19 балалар ойын алаңшасы мен 13 кешенді алаңша салынып, толықтай пайдалануға берілді. Бұл нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, тұрғындардың қауіпсіздігі ескерілген.
Сонымен қатар, аудан аумағында көгалдандыру және демалыс аймақтарын көбейту мақсатында бірқатар гүлзарлар салынды. Инвестициялық жоба аясында Р.Қабылбеков көшесі бойында гүлзар пайдалануға берілді. Ұ.Арғынбеков пен С.Бәйтереков көшелерінің қиылысында 0,15 гектар аумақта жаңа гүлзар салынды. Сондай-ақ Ю.Гагарин көшесіндегі №32, №34, №40, №42 үйлердің артында, Т.Рысқұлов пен А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысында және Диваева көшесінде гүлзарлар салынып, тұрғындардың демалысына арналған жасыл аймақтар көбейді.
Тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. 2025 жылға дейін ауданда 29 көп қабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбеті жарықтандырылған болса, 2025 жылы қосымша 20 үй жарықпен қамтылып, жалпы саны 49-ға жетті. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық аяқталған.
Бұдан бөлек, қала кеңістігін көркейту мақсатында көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне мурал салу жобасы жүзеге асырылды. 2025 жылға жоспарланған 9 үйге мурал салу жұмыстары толығымен аяқталып, ауданның сәулеттік бейнесі жаңа сипатқа ие болды.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы – Асылжан Дәулетханұлы мәлімдеді.
