РУС ENG
4 ноября, 2026

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІН ДАМЫТУДА ТҰРАҚТЫ ӨСІМ БАР

Шымкент қаласында қоғамдық көлік саласын дамыту және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда қала аумағында 83 тұрақты маршрут жұмыс істеп, күн сайын 988 автобус жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуде. Оның ішінде 79 маршрут әлеуметтік маңызы бар бағыттар ретінде айқындалған.

Аталған маршруттарда 12 көлік компаниясы шарт негізінде қызмет көрсетеді. Жалпы қоғамдық көліктердің саны 1 150 бірлікті құрайды. Автобус паркінің жас құрамына тоқталсақ, 132 автобус – 3 жылға дейін, 973 автобус – 7 жылға дейін, ал 45 автобус – 7 жылдан асқан көліктер санатына жатады.
Жолаушылар ағынының тұрақты өсімі қоғамдық көлікке деген сұраныстың артқанын көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысымен 79,9 млн адам тасымалданса, 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 86,0 млн адамды құрады. Нәтижесінде жолаушылар саны 7,6 пайызға артты.
Шарттық міндеттемелерге сәйкес, тасымалдаушылар тарапынан қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы 19 автобус сатып алынса, биыл 88 жаңа автобус алынып, жаңарту көрсеткіші 4,6 есеге өсті.
Сонымен қатар, автобустарды газ-метан отынымен үздіксіз және толық қамтамасыз ету мақсатында «Shymkent Bus» ЖШС автопаркі аумағында үшінші газ құю станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл экологиялық таза көлік үлесін арттыруға және тасымал үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Атқарылып жатқан жұмыстар қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, қала тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз және тиімді көлік жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағыттағы даму алдағы уақытта да жалғасын табады.