ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР «ДАҢҚ» МЕМОРИАЛЫН ТАЗАЛАУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ
Шымкент қаласында орналасқан аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, «Абай» саябағындағы «Даңқ» мемориалын тазалау және абаттандыру жұмыстарын ұйымдастырды.
Іс-шараға 50-ге жуық әскери қызметші қатысты. Олар бірнеше мың шаршы метр аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, мемориал айналасын жуып, ретке келтірді.
Әскери қызметшілер бұл бастаманы Отан үшін жанын қиған ардагерлерге деген құрмет пен тағзымның айғағы ретінде қабылдады. Жауынгерлер атқарылған жұмысты ел рухын көтеруге бағытталған игі іс деп бағалады.
— Ұлы Отан соғысының жауынгерлері – батырлық пен ерліктің символы. Біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі тазалық жұмыстары – сол құрметтің бір белгісі, — деді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Ашимов.
«Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық өңірлерінде өткізілуде. Оның мақсаты — экологиялық мәдениетті дамыту, азаматтық белсенділікті арттыру және патриоттық тәрбие беру. Бұл бағытта әскери бөлімдердің қосып отырған үлесі ерекше, себебі әскери тәртіп пен ұйымшылдық мұндай шаралардың сапалы әрі нәтижелі жүзеге асуына ықпал етеді.
