Филология факультетінде тұрақты даму мақсаттарына арналған эдвайзерлік тәрбие сағаты өтті
Филология факультеті, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Тұрақты даму мақсаттары» жобасының аясындағы эдвайзерлік тәрбие сағаты табысты аяқталды. 6В02304 – Аударма ісі мамандығының 3 курс студенттеріне арналған бұл шара 2025 жылғы 5 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы жетекші білім ордаларының бірі, ол студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, оларды жаһандық мәселелерге бей-жай қарамайтын азамат ретінде тәрбиелеуге баса назар аударады. Университет білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысуына жағдай жасайды. Осы тәрбие сағаты да студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған маңызды іс-шаралардың бірі болды.
Тәрбие сағаты барысында студенттер аштықтың жаһандық деңгейдегі жағдайымен танысты. Талқыланған мәселелер қатарында:
- Аштықтың жаһандық деңгейдегі жағдайы:
- 2030 жылға дейін әлемде 600 миллионға жуық халық аштықты басынан кешіруі мүмкін.
- 2015-2019 жылдар аралығында әлем елдерінің 15,2%-ы азық-түлік бағасының күрт өсуіне тап болған.
- 2020 жылы бұл көрсеткіш 48,1%-ға жетті, ал 2021 жылы 21,5% болды.
- Әлемдегі әрбір үшінші адам азық-түлік қауіпсіздігінің орташа немесе ауыр деңгейінен зардап шегуде.
- 2000 жылдан бері анемияны азайтуда айтарлықтай ілгерілеушілік байқалмаған, әсіресе 15-49 жас аралығындағы әйелдер арасында анемияның таралуы 30% шамасында тұрақты қалуда.
- 2022 жылғы деректер бойынша 148 миллион бала сапасыз тамақтану салдарынан бойы өспей қалған, 45 миллион бала арықтап, 37 миллион бала артық салмаққа шалдыққан.
- Аштықты жоюға бағытталған негізгі іс-шаралар мен мақсаттар:
- 2030 жылға қарай аштықты толығымен жою және барлық адамдардың, әсіресе әлеуметтік осал топтардың, жыл бойы қауіпсіз және қоректік азық-түлікпен қамтамасыз етілуін арттыру.
- 2025 жылға қарай 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы бойдың өспеуі мен арықтау деңгейін төмендету.
- Жасөспірім қыздардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің, қарт адамдардың тағамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру.
- Ауыл шаруашылығында шағын азық-түлік өндірушілердің, оның ішінде әйелдердің, жергілікті халықтардың және отбасылық фермерлердің жағдайын жақсарту.
- Азық-түлік өндірісінің тұрақты жүйелерін енгізу арқылы экожүйелерді сақтау, климаттық өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін күшейту.
- Ауыл инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығы зерттеулеріне және технологияларды дамытуға инвестиция тарту.
- Ауыл шаруашылығы нарығындағы сауда шектеулерін жою және азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – студенттерге әлемдік деңгейдегі азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын түсіндіру және олардың бұл мәселеге қатысты көзқарастарын қалыптастыру болды. Студенттер аштық мәселесінің ауқымы мен оның алдын алу жолдары туралы пікір алмасты. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты ауыл шаруашылығы, технологиялық жаңашылдықтар және халықаралық ынтымақтастықтың рөлі атап өтілді.
Шараға шетел филологиясының докторанты Оразтаева Ж.К. және топ эдвайзері Алпысбаева А.Е. жетекшілік етті. Студенттер өз ойларын ортаға салып, әлемдік деңгейде аштықты жоюға бағытталған шешімдер мен іс-шараларды талқылауға белсене қатысты. Тәрбие сағаты қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты даму мақсаттарына жетуде әрбір адамның рөлі маңызды екенін айқын түсінді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың жиі өткізілуі – оқу орнының тек білім берумен шектелмей, қоғамға оң ықпал ететін азаматтарды тәрбиелеуге деген жоғары жауапкершілігін көрсетеді. Университет студенттері әлемдік деңгейдегі мәселелерді талқылауға белсенді қатысып, олардың шешімін табуға өз үлестерін қосуға ұмтылады.
Ж.К. Оразтаева, 8D02306 «Шетел филологиясы (батыс тілдері)» мамандығының 1 курс докторанты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Алпысбаева А.Е. , аға-оқытушы, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
