Шымкент қаласы: Заңсыз ойын бизнесімен күрес нәтижелері
Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауы елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алаяқтық пен заңсыз әрекеттерге қарсы күресті күшейту мәселелерін алдыңғы қатарға қойды. Осы бағытта қабылданған маңызды қадамдардың бірі – заңсыз ойын бизнесімен күресті жүйелі түрде жүргізу. Бұл мәселе азаматтардың әл-ауқатына зиян келтіріп қана қоймай, жастарды да заңсыз әрекеттерге итермелейтін, көлеңкелі экономикаға жататын қауіпті құбылыс ретінде танылып отыр.
Заңсыз ойын бизнесі – тек экономикалық қауіп қана емес, жастардың болашағына да әсер ететін қауіпті сала. Ойынқұмарлықтың арты отбасы, қоғам және жеке адамға зор зиян тигізуі мүмкін. Интернеттегі түрлі платформаларда, әсіресе Instagram мен TikTok желілерінде заңсыз ойындардың таралуы еліміздің жасөспірімдері мен жастарын қаржы тапшылығына әкелетін, қауіпті әрекеттерге итермелейтін басты факторлардың бірі болып тұр.
Қазақстан Республикасының Президентінің тапсырмасымен 2021 жылы құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздегі қаржылық және экономикалық құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың алдын алу, тергеу бойынша маңызды жұмыс атқарып келеді.
Шымкент қаласындағы агенттік бөлімшесі заңсыз ойын бизнесіне қарсы ауқымды жұмыстар жүргізіп, бірнеше қылмыстық істі сотқа жолдады. 2023 және 2024 жылдары қол жеткізілген нәтижелерге тоқталсақ, қаржылық мониторинг агенттігінің деректері бойынша, 2023 жылы 13 қылмыстық іс тіркеліп, оның 10-ы сот қарауына жіберілген. Ал биылғы жылдың алғашқы 9 айында 7 қылмыстық іс анықталып, 5-і сотқа жолданды. Анықталған 7 қылмыстың 4-і онлайн-форматта, Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде жүргізілген. Жалпы алғанда, биыл заңсыз ойын бизнесімен айналысқан 13 адамға айыптау үкімі шықты, оның ішінде 4 адамға бас бостандығынан айыру, 9 адамға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Нәтижесінде тәркіленген ойын құралдарына келсек, қалада заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің барысында сот шешімімен 18 ойын аппараты, компьютерлер, ноутбуктер, ойын карталары және фишкалар тәркіленіп, олардың біразы мемлекет пайдасына берілсе, заңсыз ойын аппараттары жойылды.
Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, заңды түрде ойын залдары мен казино қызметі тек Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы мен Ақмола облысындағы Бурабай аймағында рұқсат етілген. Сонымен қатар, жиырма бір жасқа толмаған тұлғаларға, борышкерлер тізіміне енгендерге, мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға заңмен тыйым салынған.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тұрғындарды заңсыз ойын бизнесіне қарсы күреске белсенді қатысуға шақырады. Азаматтар заңсыз ойын автоматтарын немесе ойын залдарын көрген жағдайда, дереу хабарлау арқылы қоғамның әл-ауқатын қорғауға өз үлесін қоса алады. Егер сіз тұратын жерде немесе жақын маңда заңсыз ойын аппараты орнатылған болса, +7 (7252) 77-14-48 сенім телефоны арқылы хабарласыңыз.
Еліміздің болашағы жарқын болсын десек, әрбіріміз заңсыз ойын бизнесімен күреске атсалысып, балаларымызды, отбасымызды осындай зиянды әрекеттерден сақтайық. Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігі мен жастардың жарқын болашағын қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
