Шымкент: Ауыл шаруашылығындағы өнімділік пен мемлекеттік қолдау шаралары
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше мән берді. Ол ауыл шаруашылығын тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беруге біртіндеп көшу арқылы тиімділікті арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру және мәліметтерді бұрмалау мәселелері де сынға алынды. Президенттің айтуынша, бұл әрекеттер мемлекеттен бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуына кедергі келтіруде және саланың шынайы жағдайын бұрмалап көрсетуде.
2024 жылы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 26,5 мың гектар аумаққа дақылдар егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 10,9 мың гектарды, майлы дақылдар 3 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 9 мың гектарды, ал көкөніс, бақша өнімдері мен картоп 3,6 мың гектарды қамтиды. Тамыз айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 32,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,3%-ды құрады.
Жыл соңына дейін аталған алқаптардан 86 мың тонна өнім жинау жоспарланған. Қазіргі таңда, 8 айдың қорытындысы бойынша, шаруалар 66 мың тонна өнім жинап үлгерді.
Қысқы мал азығына қажетті 330,2 мың тонна көлемінің 307 мың тоннасы дайындалып, жоспар 93%-ға орындалды.
2024 жылы өнімділікті арттыру және егін шаруашылығын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 911 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде:
- Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 122,1 млн теңге бөлініп, шаруашылықтар 560 тоннаға жуық тыңайтқыш сатып алды.
- Жылыжай кешендерінің коммуналдық шығындарын арзандатуға – 767,8 млн теңге қарастырылды.
- Тұқым шаруашылығын дамытуға – 20,5 млн теңге.
- Пестицидтер мен биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға – 600 мың теңге бөлінді.
Көктемгі егіс науқанына 35,9 тонна дизель отыны бөлініп, шаруашылықтарға толық жеткізілді. Күзгі егін жинау жұмыстарына 104,5 тонна дизель отыны бөлініп, «Ұлы Орда 01» ЖШС таратушы оператор болып анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 250 теңге болып белгіленді.
Шымкент қаласында мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамуда. Қала аумағында 109,4 мың бас ірі қара мал, 133,5 мың бас ұсақ мал, 20 мың бас жылқы және 1 млн-нан астам құс тіркелген. Биыл 5,1 мың тонна ет, 41,1 мың тонна сүт, 100,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында мал шаруашылығы саласына 420,8 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Президенттің агроөнеркәсіп саласын дамыту туралы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Шымкент қаласы әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығын қолдауды жалғастыруда. Жолдауда атап көрсетілгендей, агроөнеркәсіп кешенінде ақпараттың шынайы болуын қамтамасыз ету маңызды. Сол себепті жергілікті билік субсидия алу үшін мәліметтерді бұрмалауға жол бермеу және жалған деректерді болдырмау мақсатында бақылауды күшейтті.
Экономиканың маңызды саласы саналатын ауыл шаруашылығы, тек мемлекеттік қолдауға ғана емес, сонымен бірге жауапты және тиімді басқаруға мұқтаж. Сондықтан бизнес өкілдері мен шаруашылықтар экологиялық стандарттарды сақтап, ауыл шаруашылығын дамытуға жауапкершілікпен қарауы тиіс.
