РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент қаласындағы лифт қауіпсіздігі: қызмет көрсету сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңарту шаралары

Шымкент қаласы тұрғындарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерде, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде және қоғамдық орындарда орнатылған лифтілерді сапалы қызметпен қамтамасыз ету, олардың үздіксіз жұмысын бақылау маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Қаланың қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бұл салада ауқымды шараларды жүзеге асыруда.

Қала аумағында қазіргі уақытта 1233 лифт орнатылған, олардың пайдалану ауқымы кеңейтіліп, қауіпсіздік талаптары күшейтілуде. Лифттердің негізгі орналасу орындары:

  • Тұрғын үйлерде — 941 лифт.
  • Денсаулық сақтау мекемелерінде — 58 лифт.
  • Білім беру мекемелерінде — 50 лифт.
  • Қоғамдық орындарда, сауда орталықтары мен қонақ үйлерде — 184 лифт.

Лифттердің үздіксіз жұмыс істеуін бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР «Азаматтық қорғау» Заңы талаптарының орындалуын назарға ала отырып, 2024 жылдың басынан бері 70 лифтке комиссиялық сынақтар өткізілді, сондай-ақ 69 лифт тіркеуге қойылды. Бүгінгі таңда жүк көтергіш құралдарды тіркеу қызметі мемлекеттік қызмет реестріне енгізілген және «Egov.kz» порталы арқылы электронды түрде жүргізілуде, бұл процесс тұрғындарға ыңғайлы және қауіпсіздік шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Шымкент қаласында лифт жүйесін жаңарту жұмыстары қарқын алуда. Ағымдағы жылы осы тұжырымдама аясында жергілікті бюджеттен қайтарымды қаражат есебінен 24 лифтіні ауыстыру жоспарланған және бұл мақсатқа қажетті қаражат бөлінді. Жаңарту жұмыстары «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Бұл бастама ескірген лифтілерді жаңа және қауіпсіз лифтілермен алмастыру арқылы қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.

Жүк көтергіш құралдардың қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында қызмет көрсетуші мекемелермен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл түсіндірулердің мақсаты — лифт жүйелерінің қызмет көрсету сапасын жақсарту және оларды пайдаланудағы жауапкершілікті арттыру. Сонымен қатар, лифтке жауапты мекемелердің тиімді жұмысын қадағалау үшін «Айкөмек 109» бірыңғай байланыс орталығымен интеграциялау жұмыстары атқарылды. Орталық тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қабылдап, шұғыл әрекет ету шараларын ұйымдастыруды жеңілдетеді.

Егер лифт жұмысында ақау орын алып, лифт тоқтап қалса немесе адам лифт ішінде қалып қойса, бұл мәселе «Айкөмек 109» орталығына хабарланып, қызмет көрсетуші мекемелерге шұғыл тапсырма беріледі. Осылайша, лифт жұмысын қалпына келтіру және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдануда.