Абай ауданының инфрақұрылымын дамыту: табиғи газ, кәріз және коммуналдық жүйелерді қамту жобалары
Шымкент қаласының Абай ауданында инфрақұрылым жүйелерін жақсарту және толықтыру бойынша кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда. 27 елді мекенде орналасқан 257,7 мың тұрғынды сапалы коммуналдық қызметтермен қамту мақсатында, ауыз су, электр жарығы, табиғи газ және кәріз жүйелері бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынған. Бүгінгі күні аудан 100%-ға ауыз су мен электр жарығымен қамтылған, ал газдандыру мен кәріз жүйелерін дамыту жалғасуда.
Абай ауданындағы 27 елді мекеннің 23-і табиғи газбен қамтылған, бұл жалпы ауданның 85,2%-ын құрайды. Қалған 4 елді мекенде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Олар: Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Қайнарбұлақ саяжайы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы. Қайнарбұлақ тұрғын алабы – құрылыс жұмыстарының 95%-ы аяқталды. Қайнарбұлақ саяжайы – 80% аяқталған. Ынтымақ-2 шағын ауданы – 70% дайын. Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы – құрылыс жұмыстарының 60%-ы аяқталған. Бұл жобалардың іске асырылуы 2024 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Осы жұмыстар аяқталған соң ауданның газдандыру көрсеткіші толықтай жабылады.
Қазіргі уақытта ауданның 27 елді мекенінің 7 елді мекені ғана кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген, бұл жалпы қамтылудың 18%-ын құрайды. 2023 жылдан бері кәріз жүйесін дамыту бойынша бірнеше нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде:
- Достық шағын ауданында ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
- Асар-2 шағын ауданы – құрылыс жұмыстары басталып, кейін сот шешімімен тоқтатылған.
- Бозарық шағын ауданындағы 74 гектар көпқабатты тұрғын үй аумағында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды.
- Шымсити-Төлеметов коллекторы – ұзындығы 7,3 шақырым, құрылысы 2025 жылға дейін жалғасады.
- Тұран-А-2 тас жолы коллекторы – ұзындығы 20,5 шақырым, құрылысы 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.
2025-2026 жылдары кәріз жүйесін одан әрі дамыту мақсатында 8 елді мекенде жаңа кәріз нысандарын салу жоспарланып отыр: Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақ.
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін, 2026 жылға қарай Абай ауданын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18%-дан 55,5%-ға дейін артады деп жоспарлануда.
Ауданның инфрақұрылымдық дамуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, қаланың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, су, газ, электр және кәріз жүйелерінің толық қамтылуы ауданның тұрақты дамуы мен халықтың қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
