Әл-Фараби ауданының инфрақұрылымдық дамуы: ирригация, тұрмыстық қалдық алаңшалары және санитарлық тазалық
Әл-Фараби ауданының инфрақұрылымын дамыту бағытында ирригация жүйесін жетілдіру, қалдықтарды басқару және санитарлық тазалық жұмыстары ауқымды деңгейде жүзеге асырылуда. Бұл шаралар қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауды мақсат етеді.
Аудан бойынша ирригация жүйесі 190 көшені қамтиды, бұл жалпы 173,7 шақырым қашықтыққа созылады. Қазіргі инфрақұрылымда басты 109 көшенің 69 көшесінде және ішкі орамдағы 281 көшенің 121 көшесінде ирригациялық жүйелер бар. 2024 жылы жоспарға сәйкес, аудан бойынша 20 мекен-жайда 3,36 шақырым жаңа ирригациялық жүйе орнатуға бюджеттен қаражат бөлінген.
2024 жылдың 11 шілдесінде 19/161-VIII қалалық мәслихаттың шешімімен ирригациялық жүйені орнату жұмыстары Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жүктелді. Бүгінгі күні «Химфарм» шағын ауданының Жағалау және А.Маметов көшелерінде ирригациялық арық жүйесі орнатылған, ал Сәуле шағынауданындағы Қазығұрт көшесінде жұмыстар жалғасуда.
Қала аумағында тұрмыстық қалдықтарды жинау және өңдеу жүйесін жақсарту жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Айта кетсек, 2024 жылы ауданның орталық көшелерінде 657 үлкен көлемді темір қоқыс жәшіктері (урналар) орнату жоспарланған болса, 2023 жылы аудан бойынша 120 қоқыс алаңшасы жаңғыртылды. Бұл жұмыстар тұрғындарға қалдықтарды ыңғайлы түрде тастауға мүмкіндік беріп, қаланың тазалығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, «GLOBAL BUSINESS CONSTRUCTION» ЖШС аудан аумағына 680 қоқыс контейнерін жеткізу бойынша мердігер ретінде таңдалған. Қазіргі уақытқа дейін компания 497 қоқыс контейнерін жеткізіп, жаңартылған қоқыс алаңшаларына орнатты.
Ауданда санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау үшін қала аумағы 7 секторға бөлінген, әр секторға аудан әкімдігінің жауапты мамандары бекітілген. Санитарлық тазалыққа байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға келсек, аудан әкімдігі жанындағы «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (КММ) ішкі орам аумақтарының тазалығымен айналысады, бұл жұмыстарға 21 техника және 161 адам жұмылдырылған. Ауданның басты көшелерінде санитарлық тазалық жұмыстары «ТАЗА ӨЛКЕ» ЖШС тарапынан атқарылып, 68 техника және 382 қызметкер жұмыс істейді.
2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша, аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесіне қосылуы тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әл-Фараби ауданындағы 928 көпқабатты үйдің 859-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда 854 көпқабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылған, бұл көрсеткіш аудандағы үйлердің 99,4%-ын қамтып отыр, ал қалған үйлер қысқы маусымға қосымша дайындық шараларын қажет етеді.
Бұл жұмыстар Әл-Фараби ауданын экологиялық таза, жайлы және қауіпсіз ауданға айналдыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
