Әл-Фараби ауданының көшелерін жарықтандыру бойынша 2024 жылдың жоспары мен нәтижелері
Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы бойынша көшелерді түнгі уақытта жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданның жалпы 390 көшесінің қазіргі уақытта 31,8%-ы немесе 124 көше жарықтандырылған. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында 2024 жылға арналған арнайы жоспар әзірленіп, бірқатар шаралар қолға алынған.
2024 жылы көшелерді жарықтандыру жоспары:
- Бюджеттік қаржыландыру: Ағымдағы жылдың бюджеті аясында қосымша 118 көшені жарықтандыру жоспарланып, нәтижесінде ауданның жарықтандырылған көшелері 62%-ға жеткізіледі деп күтілуде.
- Мәслихат шешімі: 2024 жылдың 4 мамырында 16/142-VIII қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жүктелді.
- Жұмыстың орындалу барысы: Бүгінгі күнде жоспарланған 118 көшеге жарықшам бағаналары толық орнатылып, шамдар іске қосылды. Сонымен қатар, қосымша 50 көшеге жарық шам орнату туралы ұсыныс енгізіліп, қазіргі уақытта бұл көшелерде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
- Демеушілік қолдау: Жергілікті демеушілердің қаржылай қолдауымен тағы 50 көше жарықтандыру бағдарламасына енгізілді. Оның ішінде 22 көше толықтай жарықтандырылып, пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін Әл-Фараби ауданында 342 көше жарықтандырылып, ауданның жарықтандыру деңгейі 87,6%-ға жетеді деп жоспарлануда.
Әл-Фараби ауданы Шымкент қаласының орталық бөлігі ретінде стратегиялық маңызды инфрақұрылымға ие және жоғары деңгейдегі тұрғын үймен қамтамасыз етілген аудан саналады. Ауданның жалпы аумағы 19 880 гектар жерді құрайды және мұнда 234 857 адам тұрады. Аудан аумағында көпқабатты және жеке тұрғын үйлерден бастап, саябақтар мен тарихи нысандарға дейінгі әлеуметтік инфрақұрылым жүйесі толықтай қалыптасқан.
Әл-Фараби ауданының қала орталығында орналасуы, барлық инфрақұрылым жүйелеріне толық қолжетімділік жасауға мүмкіндік береді. Аудандағы тұрғындар ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100% қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш ауданның заманауи қалалық инфрақұрылым талаптарына сай екенін білдіреді және тұрғындардың күнделікті өмір сүру жағдайларын жақсартады.
Әл-Фараби ауданының жоғары деңгейде дамыған инфрақұрылымдық жағдайы тұрғындар үшін жайлы орта мен заманауи қалаға тән қажеттіліктерді толығымен қамтамасыз етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөл атқарып отыр.
