РУС ENG
5 декабря, 2024

Әл-Фараби ауданы Шымкент қаласының орталық ауданы ретінде жоғары деңгейде дамыған

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы – бұл қала орталығындағы 19 880 гектар аумақта орналасқан, халық саны 234 857 адамды құрайтын ірі аудан. Ауданның ерекшелігі – мұнда 928 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға топтастырылған және 16 633 жеке үй бар. Тұрғындардың демалысы мен мәдениетті дамыту мақсатында 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ ауданды абаттандырып, көркейтіп тұр.

Әл-Фараби ауданы Шымкент қаласының орталық бөлігі ретінде дамыған инфрақұрылыммен қамтылған. Мұнда ауыз су, табиғи газ, және электр қуатымен қамтамасыз ету толық көлемде – 100% деңгейінде жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының өмір сапасын елеулі түрде арттырып, қолайлы ортаны қамтамасыз етіп отыр.

Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында 623 ауланы абаттандыру және балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстары қолға алынған. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында, тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар бойынша 2024 жылы 70 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыруға және балалар ойын, спорт алаңшаларын орнатуға 1 млрд 717 млн 971 мың 510 теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта 66 балалар ойын алаңы мен 4 спорт алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр.

2024 жылдың соңына дейін барлық жоспарланған аумақтардың 78,3%-ын қамту көзделген, ал 2025-2026 жылдарға қарай бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізіледі. Ойын және спорт алаңдары ең алдымен Күншығыс, Сайрам, Теріскей шағын аудандарында және негізгі көшелерде орналасады. Бұл нысандар тұрғындардың салауатты өмір салтын қолдап, балалар мен жастардың демалысын ұйымдастыруға жағдай жасайды.

2024 жылы аудан аумағында тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жаңа гүлзарлар салу жобалары жүзеге асырылуда. Жаңа гүлзарлар Есіл көшесінде (0,4 га), Диваев көшесі мен Кең-баба саябағының жанында (0,31 га) және С.Жандосов пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында (0,3 га) орналасатын болады. Бұл үш гүлзардың ашылуы аудан тұрғындарының табиғатқа жақын, жайлы ортада демалуына мүмкіндік береді және олардың әрқайсысы бір мезгілде 3500-10000 адамды қамти алады.

Әл-Фараби ауданындағы бұл бастамалар мен жобалар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, балалар мен жастарға қауіпсіз және қолайлы ойын алаңдарын ұсынуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға арналған. Аудан әкімшілігі мұндай бастамаларды алдағы жылдары да жалғастыруды көздейді, бұл Шымкент қаласының орталық ауданы ретінде Әл-Фараби ауданының абаттандырылған, заманауи және тұрғындарға қолайлы орта ретінде дамуына ықпал етеді.