Б. ҚАДЫР: «ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ БОЛАШАҒЫНА СЕНЕМІН»
Көк туымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды асқақтатып жүрген спортшы жастарымыз аз емес. Ұлтына адал өрендер әр түрлі спорт саласы бойынша биік белестерді бағындыруда. Қазақ спорты тек қара күшке сүйенетін дүние емес. Оны желаяқ спортшыларымыз сан мәрте дәлелдеді. Бүгінгі кейіпкеріміз де ел арасында «беделді» әрі құрылымы қиын спорт түрі – үлкен теннистің өкілі.
Оның өмірі – әрдайым алға ұмтылу мен мақсатқа қол жеткізу жолында аянбай еңбек етумен тығыз байланысты. Себебі ол жастық шағынан бастап жаңа мүмкіндіктерді іздеп, өзін дамытуға бел байлаған адам. Алғашқы қадамдары ғарыштық технологиялар саласында басталғанымен, бүгін корольдік спорт түрі болып табылатын теннис жаттықтырушысы.
Бақдаулет Қадір – Шымкент қаласында дүниеге келіп, сол жерде өскен. Уақыт өте келе бесінші сынып оқушысы Бақдаулет арман қала Астанаға қоныс аударды. Бала кезінен спортқа қызығушылық танытып, тенниспен айналысты. Корт пен теннис ракеткасы өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды.
Сондай-ақ Бақдаулеттің ғылымға да қызығушылығы жоғары болды. Атап айтқанда Ғарыш саласы білім алу жолының мақсаты мен жетер жетістіктерін айқындап берді. Ол оқушы кезінен бастап олимпиадаларға қатысып, білімін жетілдіріп отырды. Маңдай тер мен өз ісіне деген адалдық нәтижесін беріп, зияткерлік сайыстардың бірінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің инженер-конструктор мамандығы бойынша оқу грантын жеңіп алды. Білімге құштар оқушы отбасының ғана емес, мектебінің де мақтанышына айналды.
Кейін осы мамандық бойынша білім алып, ғылым жолының белестерін бағындыру мақсатында магистратураға оқуға түсті. Жастайынан спорт пен білімді қатар алып жүрген Бақдаулет жоғары білімнің де биік шыңына жетіп, оқу орнын үздік аяқтайды.
Университет қабырғасында жүріп, студенттер арасындағы Республикалық спартакиада қатысты. «Теннис» аталымы бойынша бақ сынаған Б. Қадыр қарсылас дес көрмей, Бас жүлдені қанжығасына байлады.
Ғылым мен техниканың қыр-сырын меңгерген жас маман кәсіби жолын ғарыш саласындағы компанияларда бастайды. Осы компаниялардың бірінде бас инженер дәрежесіне дейін көтеріледі. Дегенмен уақыт өте келе бұл сала өзінікі емес екендігін ұғынады.
Өмірін бір жола спорт бағытына арнауды мақсат еткен Б. Қадір еңбек жолын теннистен жаттықтырушы ретінде бастайды.
Шәкірттері мен жаттықтырушылар тарапынан кәсіби біліктілігі туралы жоғары баға алған ол Қазақстан Республикасының теннис федерациясына қызметке ауысты.
Бақдаулет ересектерге арналған авторлық бағдарлама жасап, федерация тарапы қолдаған. Бұл бағдарламаның ерекшелігі түрлі теннис доптарымен тыңғылықты жаттығу. Әр жаттығу тек бір әдіс пен техникаға арналғандықтан, бұл техника спортшылардың көңілінен шығып, көпшіліктің қолдауына ие болды.
Бүгінде өзінің сүйікті ісімен шұғылданып жүрген Б. Қадыр: «Қазақ спортының болашағына сенемін. Спорт – барлығына қолжетімді әрі тең болғанын қалаймын» дейді бір сөзінде.
Болашағынан зор үміт күттіретін еліміздің үміт артар білікті әрі білімді азаматының асқақ армандарына жетуіне тілектеспіз.
Бақытжан Саматұлы
