Шымкент: Қоршаған ортаны қорғау жолындағы маңызды қадамдар
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдегі экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау мәселесін басты назарға қойды. Мемлекет басшысы табиғатты қорғау ісіне бизнес өкілдері жауапкершілікпен қарауы керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың әсерін бақылау жүйесі үздіксіз және сапалы жұмыс істеуі тиіс.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті қала экологиясын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Қазіргі таңда департаментке түскен арыз-шағымдар негізінде қала аумағында барлығы 23 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 10-ы жоспардан тыс, 7-сі профилактикалық бақылау, 6-ы талаптарға сәйкестікті тексеру мақсатында ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 55 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 170,5 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Сондай-ақ, күкірт шикізатын заңсыз өңдеу және қауіпті мұнай қалдықтарын заңсыз көму бойынша бірқатар істер қылмыстық құрамның бар-жоғын анықтау үшін полиция департаментіне жолданды.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыс тексерулермен ғана шектелмей, сот процестерін де қамтыды. Экология департаментінің талап арызы бойынша, қаладағы үш ірі кәсіпорынға рұқсатсыз қосымша ластау көздерін уақытша тоқтату шешімі шықты. Рұқсатсыз жұмыс істеген сабын цехына қатысты кәсіпкер Сейтовтың ісі соттың шешімімен тоқтатылып, 1 809 080 теңге айыппұл салынды. Тағы төрт кәсіпорынның экологиялық талаптарды сақтамауына байланысты сот процесі жалғасуда.
2024 жылдың сегіз айында департамент тарапынан жалпы 52 экологиялық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде I санаттағы объектілерге 7 экологиялық рұқсат беріліп, 6 өтініш қайтарылды. Қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша 5 оң қорытынды шығарылып, 4 өтініш қабылданбады. Жыл басынан бері табиғатты қорғау шараларына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жоспарланып, оның 63%-ы игерілді.
Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі жыл басынан бері 94 нысанға шығып, 154 хаттама толтырды. Шағымдар бойынша 112, жоспарлы тексерулер аясында 42 хаттама рәсімделді. Жалпы саны 1249 сынама алынып, 7585 талдау жүргізілді. Ауа сапасы бойынша 1071, су сапасы бойынша 138 сынама зерттелді. Бұл тексерулер қаланың экологиялық жағдайын бақылауда ұстауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Шымкент қаласының санитарлық тазалығы мен абаттандыруы бойынша департамент жүйелі рейдтер жүргізіп, қала аумағында бей-берекет қоқыс орындарын жоюға үлес қосты. Биылғы жылдың маусым айында «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы арқылы қалдықтарды орналастыру орындарына ғарыштық мониторинг жүргізіліп, рұқсатсыз орналастырылған қоқыс орындары анықталды. Жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл орындар тазаланды. Тамыз айында жаңа қоқыс орындары анықталып, қазіргі уақытта тазарту жұмыстары жалғасуда.
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 230 мыңға жуық тұрғын, 2301 кәсіпкерлік нысан, 687 әлеуметтік мекеме қатысып, 18 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық жойылды. Жұмысшылар мен қоғам белсенділері, ардагерлер мен жастар қала тазалығын қамтамасыз етуге белсенділік танытты.
«Таза Қазақстан» акциясын қарқынды жалғастыру мақсатында жыл соңына дейін қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыратын қалалық іс-шаралар одан әрі жүзеге асырылатын болады.
