Шымкентте есірткіге қарсы күрес: ұлттық қауіпсіздікті қорғау жолындағы ауқымды іс-шаралар
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті. «Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі», – деді Президент. Елімізде есірткі мәселесі ушығып, азаматтардың денсаулығы мен ел қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр.
Шымкент қаласында осы жылдың 9 айында есірткіге қарсы жүргізілген қатаң бақылау шаралары бірқатар нәтижелер берді. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес барысында полиция департаменті жалпы 447 қылмыстық істі тіркеді, оның ішінде 397 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Есірткіге қатысты құқық бұзушылардың басым бөлігі – 21-39 жас аралығындағы азаматтар.
Құқық қорғау органдары марихуана мен каннабиске қатысты бірнеше тәркілеу операциясын өткізгенімен, синтетикалық есірткілердің өндірісі мен таралуының артқанын анықтады. Биылғы арнайы «Қарасора-2024» операциясы барысында екі есірткі зертханасы әшкереленді. Мысалы, 13 маусымда Шымкенттің Бозарық ауданында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана табылып, тәркілеу барысында 1760 литр прекурсорлар, 8,5 кг «Mefedron» заты және 74 арнайы ыдыс тәркіленді.
Есірткі жарнамасына қарсы күрес және алдын алу жұмыстарына келсек, қала бойынша есірткі жарнамасына қатысты жазулардың кең таралуына байланысты «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері бірнеше рет бірлескен рейдтер жүргізді. Нәтижесінде 500-ден астам есірткі жарнамасына қатысты жазулар жойылып, бұл жұмыстарды бейнелейтін жазбалар әлеуметтік желілерде кең таралды. Ғаламтордағы 50-ге жуық есірткі сатумен айналысатын сілтемелер «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталды.
Есірткіге қарсы шаралардың тиімділігі мен халыққа әсерін арттыру мақсатында Шымкент қаласындағы орта және жоғары оқу орындарында түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жастар арасында есірткіге байланысты заңсыз әрекеттердің салдары, оның денсаулыққа тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Бұған қоса, Қазақстанның танымал әртістері – Сәкен Майғазиев, Нұрлан Өнербаев, Серік Ибрагимов сынды өнер қайраткерлері бұл бастамаларға қолдау білдіріп, өз парақшаларында есірткінің зияны туралы ақпараттық жазбалар жариялады.
Бұл жұмыстардың басты мақсаты – қоғамның, әсіресе жастардың есірткіге деген көзқарасын өзгерту, оның қауіптілігін насихаттау және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, бүгінгі қоғамның дені сау болашағын қорғау үшін есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрес — аса маңызды міндет. Қазіргі таңда есірткі мәселесі тек қана денсаулық сақтау саласына әсер етпей, ұлттық қауіпсіздікке де үлкен қауіп төндіріп отыр. Президент: «Есірткі мәселесі ушығып барады», — деп атап көрсетті.
Мәселенің маңыздылығы ұлттық денсаулық пен қауіпсіздікке төнген қатермен ғана емес, елдегі жағдайдың тұрақсыздану қаупімен де байланысты. Есірткі саудасы арқылы түсетін кірістің бір бөлігі терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға жұмсалады деген болжам бар. Нашақорлық — адамның денсаулығын улауынан бөлек, қоғам тұрақтылығы мен елдің ұлттық қауіпсіздігіне де қауіп төндіретін қатерлі дерт. Президенттің айтуынша, бір адамдар есірткіні кәсіп көзі, яғни бизнес ретінде көрсе, басқалары оны пайдалана отырып, ұлттың тәуелсіздігіне нұқсан келтіруді көздейді.
