Еңбекші ауданы: Аулаларды абаттандыру, спорт алаңшалары және гүлзарлар орнату жұмыстары
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы қала тұрғындары үшін ыңғайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында аулаларды абаттандыру, спорт алаңшаларын орнату және гүлзарлар салу бойынша кешенді жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып, тұрғындардың өз ұсыныстарын енгізуге және жергілікті бюджеттің қалыптасуына тікелей қатысуына мүмкіндік беруде.
Еңбекші ауданындағы 283 көпқабатты тұрғын үй 132 ауланы құрап отыр. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындар өз пікірлерін айтып, аулаларын абаттандыру бойынша бастамаларға қатыса алады. 2023 жылы бұл жоба аясында 2 балалар ойын алаңшасы орнатылды.

Биылға жоспарланған жұмыстарды нақтыласақ, 47 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру көзделіп отыр. Жеке сектор аумағында 17 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшаларын салу жоспарлануда, бұл 43 жобаны қамтиды. Қазіргі таңда 20 нысанда балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Қалған 36 ауланы абаттандыру жұмыстары 2025 жылға жоспарланған. Бұл шаралар аудан тұрғындарына қолайлы әрі қауіпсіз демалыс аймақтарын құруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Еңбекші ауданында халықтың спорттық белсенділігін арттыру мақсатында спорт алаңшаларын құруға да ерекше көңіл бөлініп келеді. 2022 жылдың соңында аудан аумағында 107 спорт алаңшасы жұмыс істеп тұрған еді. Алайда, Шымкент қаласында жаңа «Тұран» ауданы ашылуына байланысты, оның аумағына кіретін 58 ашық спорт алаңшалары Еңбекші ауданнан Әл-Фараби ауданының әкімшілік шекарасына берілді. Қазіргі таңда Еңбекші ауданы аумағында 56 спорт алаңшасы жұмыс істеп тұр.
Жоспарланған спорт алаңшаларына келсек, 2023 жылы 7 спорт алаңшасы орнатылып, пайдалануға берілсе, 2024 жылы 8 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. Қазіргі уақытта олардың 2-нде құрылыс жұмыстары басталып кетті, ал қалған 6 спорт алаңшасы бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Қала көркін ашып, тұрғындарға демалыс аймағын қамтамасыз ету мақсатында гүлзарлар салу жұмыстары да назардан тыс қалмауда. 2024 жылы гүлзарлар салу жұмыстарына келсек, Еңбекші ауданы әкімінің аппараты биыл 5 гүлзар салу жұмыстарын қолға алды. Қазіргі уақытта мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жібек жолы көшесінің бойында қоғамдық кеңістік құру бойынша ауқымды жоба іске асырылды. Бұл жоба «BI Group» ЖШС-нің демеушілігімен жүзеге асырылып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы демалыс орнын қамтамасыз етеді.
Еңбекші ауданының инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Аулаларды абаттандыру, спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу сияқты жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қаланың көркін жақсартуға бағытталған. Қала әкімдігі мен аудандық мекемелер алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, Еңбекші ауданы тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға басымдық беретін болады.
