Еңбекші ауданы: Инфрақұрылымды жетілдіру және кәріз, автожол, жарықтандыру мен ирригациялық жүйелерді дамыту
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда. Аудандағы инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары кәріз жүйелері, автожолдар, көшелерді жарықтандыру және ирригациялық арықтар орнату бағыттарында кең ауқымда жүргізілуде.
Қазіргі таңда Еңбекші ауданындағы кәріз жүйесімен қамту деңгейі 41%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында бірнеше маңызды жобалар жүзеге асуда:
- Ұлағат шағынауданындағы 2248 абонентке арналған кәріз жүйесінің құрылысы аяқталды. Алайда, құрылыс жұмыстарының толық аяқталмауына байланысты экономикалық тергеу департаменті тексеру жұмыстарын жүргізуде.
- Жұлдыз тұрғын алабында көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту мақсатында «Спецкоммунстрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын атқарды.
- Базарқақпа тұрғын алабы, Достық көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйлерге (270 абонент) кәріз жүйесін орнату бойынша «Шабыт-21» ЖШС жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуде.
Еңбекші ауданында ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Қазіргі таңда жолдардың 73,1%-ы асфальтталған (535,77 шақырым), 21,6%-ы тас жол (158,38 шақырым), ал 5,3%-ы топырақты жолдардан тұрады (38,76 шақырым).
Аудан аумағындағы автожолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп келеді:
- 2021 жылы 4 магистральды және 53 қалаішілік көше асфальтталып, жалпы 57,7 шақырым жол жөнделді.
- 2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көше орташа жөндеуден өтті.
- 2024 жылы 78 көшені (30,5 шақырым) асфальттау жоспарланған, олардың 24 көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған көшелерді асфальттау үшін мердігер мекемелер анықталды және бұл жұмыстардың бір бөлігі 2025 жылға өтпелі болады.
- Сонымен қатар, аудан аумағында 10,3 шақырымды құрайтын 23 көшеге аяқ жолдар салынды («Сәтті Құрылыс НС» ЖШС).
Қазіргі таңда Еңбекші ауданының 117 көшесі жарықтандырылған. Жарықтандыру жұмыстары ауданның қауіпсіздігін арттыруға және түнгі уақыттағы қозғалысты қолайлы етуге бағытталған:
- 2021 жылы 18 көше жарықтандырылды.
- 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік нысандарға жақын орналасқан 22 көше жарықтандырылды.
- 2023 жылы 28 көше жарықтандырылды.
- 2024 жылы 244 көшені жарықтандыру жоспарланып, қазіргі уақытта 129 көшеге жарықшамдар орнатылды және іске қосылды. Қалған 115 көшеде жұмыстар жалғасуда.
Аудан аумағында жауын-шашын салдарынан су басу қаупін болдырмау мақсатында ирригациялық жүйелерді жетілдіру жұмыстары белсенді жүргізілуде:
- 2022 жылы су алу қаупі жоғары 21 мекен-жайда ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды.
- 2023 жылы 19 мекен-жайда ұзындығы 8,1 шақырым арықтарды орнату жұмыстары «Маверикс» және «Сәтті құрылыс» ЖШС тарапынан жүргізілді.
- 2024 жылы Шымкент қаласы мәслихатының шешімімен ирригациялық арықтарды орнату жұмыстары Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына берілді. Бүгінгі күнге дейін 5 көшеде (3,3 шақырым) ирригациялық арықтар орнатылды.
Еңбекші ауданының инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған осы шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Аудан әкімдігі инженерлік жүйелерді толық қамту, заманауи талаптарға сай автожолдарды жаңарту және қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде.