РУС ENG
4 ноября, 2026

Еңбекші ауданында инфрақұрылымды дамыту және халықты инженерлік жүйелермен қамту жобалары

Еңбекші ауданы – Шымкент қаласының ауқымды аудандарының бірі, 22 800 гектар аумақты алып жатыр және халық саны 228 830 адамға жетті. Ауданда барлығы 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан, 728 көше, 2 саябақ, 3 гүлзар, 283 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үй орналасқан. Аудан әкімдігі тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, аудан инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асыруда.

Қазіргі таңда Еңбекші ауданының тұрғындары инженерлік жүйелермен кең көлемде қамтамасыз етілген. Атап айтсақ:

  • Ауыз сумен қамту деңгейі – 97%;
  • Электр жарығымен – 99,8%;
  • Табиғи газбен – 90,7%;
  • Кәріз жүйесімен – 41%;
  • Асфальт жолмен – 73,1%.

Аудан әкімдігі мен қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы 2022-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту «Жол картасын» бекітіп, жүйелі түрде жұмыстар атқаруда.

Ауданның ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қазіргі уақытта 97%-ды құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қалаға жаңадан қосылған Исфиджаб тұрғын алабы мен басқа 7 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылды.

2024 жылы Жастар көшесі мен Қазығұрт станциясы аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік-Жаңақұрылыс ауданындағы 989 абонентті ауыз сумен қамту мақсатында «Строительная группа Архитектор» ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстардың жүзеге асуы нәтижесінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 100%-ға жетеді деп жоспарлануда.

Электрмен қамту көрсеткіші 99,8%-ды құрап отыр. 2022 жылы аудан аумағындағы 9 елді мекенде сапалы электр желілері тартылып, жалпы 2013 абонент қосылды. 2023 жылы Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарының электр жүйесі жекеменшік желілерден мемлекеттік жүйеге ауыстырылды, ал «Сайрам» жобасы бойынша қаржы бөлініп, «Қазеурострой» ЖШС мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын бастап кетті.

2024 жылға жоспарланған жұмыс аясында Қарабастау ауданында сәулет-жоспарлау тапсырмасы (АПЗ) әзірленіп, 120 абонентке электр желілері жүргізіледі. Сонымен қатар, аудандық электр жүйелерінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 19 трансформатор мен 33,4 шақырым электр желісі жаңартылатын болады.

Ауданның табиғи газ жүйесімен қамтылу деңгейі – 90,7%. Жекеменшік жүйеге қосылғандардың үлесі 17,7% болса, мемлекеттік жүйеде қамтылмаған тұрғындардың үлесі 9,3%-ды құрайды. Бұл аймақтарда табиғи газбен қамту жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланған. 2023 жылы Оңтүстік, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын және Қаратөбе тұрғын алаптарында 3739 абонентке табиғи газ желісін тарту жұмыстары басталып, «Шымкентгаз» және «Отау Строй» ЖШС мердігер мекемелері тарапынан құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қарабастау және Қаратөбе тұрғын алаптары жаңақұрылыс аймағында газ желілерін тарту 2024 жылы аяқталады.

2025 жылдың соңына қарай Еңбекші ауданының барлық жаңа құрылыс аймақтары табиғи газбен толық қамтылып, қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданының инфрақұрылым жүйелерін толық жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған «Жол картасы» аясында тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен толық қамтамасыз ету бойынша нақты жоспарлар мен жобалар қолға алынды. Бұл бастамалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, ауданның инфрақұрылымдық дамуына үлкен серпін береді.

Еңбекші ауданының әкімдігі тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орната отырып, инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, сапалы қызметтерді ұсыну және аймақты дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланады. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін алдағы уақытта да инфрақұрылымдық жобаларды жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады.