РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент: Жеке медициналық кітапшаларды цифрлық форматқа көшіру

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жеке медициналық кітапшаларды (ЖМК) цифрлық форматқа көшіру бойынша жаңа бастаманы іске асыруға дайындық жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 16 қарашадағы № КР ДСМ-196/2020 тіркелген бұйрыққа өзгерістер енгізіп, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке медициналық карталарды тек электронды форматта беруді міндеттейтін бұйрық шығарды.

Жеке медициналық кітапшалардың электронды нысанға ауысуы – медицинадағы цифрлық трансформацияның маңызды қадамы. Жаңа жүйе азаматтар мен жұмыс берушілер үшін медициналық құжаттарды жүргізу процесін жеңілдетеді, қағаз құжаттармен байланысты уақыт шығынын азайтып, мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етеді. Электронды ЖМК-ның енгізілуімен құжаттардың бұрмалануына тосқауыл қойылады, ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласы бойынша тиімділікті арттыруға мүмкіндік туады.

Электронды ЖМК қолдану төмендегі ережелер мен талаптарды қамтиды:

  1. Электронды форматтағы ЖМК рұқсаты: Цифрлық ЖМК қызметкердің жұмысқа жарамдылығы туралы белгімен және қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы куәландырылады. Бұл құжатта сонымен қатар денсаулық сақтау мекемесінің QR-коды болады, ол кітапшаның заңдылығын растау және қажет болған жағдайда шұғыл тексеру үшін қолданылады.
  2. Медициналық ұйымдардың ЖМК беру құқығы: Барлық меншік нысанындағы медициналық мекемелер, егер оларда медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы және ресурстарды басқару жүйесі болса, ЖМК беруге құқылы. Бұл барлық медициналық ұйымдарда бірегей ақпараттық жүйелерге қосылу талабын күшейтеді.
  3. Жауапты тұлғаларды тағайындау: Міндетті медициналық тексерулерді жүргізетін әрбір медициналық мекеме басшысының бұйрығымен, ЖМК бойынша барлық рәсімдерге жауапты маман тағайындалады. Әдетте, бұл міндетті терапевт дәрігер атқарады, ол тексеру және зертханалық нәтижелерді бақылап, ЖМК-ны уақытында рәсімдеуге жауапты болады.
  4. Жеке басын куәландыру: ЖМК рәсімдеу барысында қызметкердің жеке басын куәландыратын мәліметтер автоматты түрде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден көшіріледі. Егер ақпараттық жүйелерде тиісті мәліметтер болмаса, оларды қолмен енгізу мүмкіндігі де қарастырылған.
  5. Дәрігерлік тексерулер нәтижелерін автоматты түрде енгізу: Медициналық тексеру мен зертханалық зерттеулердің нәтижелері автоматты түрде Медициналық ақпараттық жүйеден (МАЖ) ЖМК модуліне синхрондау арқылы енгізіледі. Бұл тәсіл тексерулердің нәтижелерін толық және дәл жеткізуге ықпал етеді.
  6. Жұмысқа жарамсыздық жағдайлары: Қызметкерде инфекциялық немесе паразиттік ауру анықталған жағдайда, және бұл ауру жұмысқа жарамдылыққа қарсы көрсетілім болса, жауапты маман ЖМК иесін тұрғылықты жеріндегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек мекемесіне емделуге жолдайды.

Цифрлық ЖМК құжаттарының енгізілуі – медициналық ақпаратты сақтаудың заманауи тәсілін ұсынады. Әрбір қызметкердің денсаулығы туралы мәліметтер ортақ ақпараттық жүйеде сақталады және қажет болған жағдайда дәрігерлер мен жұмыс берушілер бұл ақпаратты бірден тексере алады. Бұл әдіс қағаз құжаттарды өңдеумен байланысты қателіктерді болдырмауға, жеке мәліметтердің жоғалуын алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мәліметтерді цифрлық сақтау мекемеаралық және аймақаралық ақпарат алмасуды оңтайландырады.

Жаңа ережелер бойынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шымкент қаласының барлық медициналық ұйымдары ЖМК-ны тек электронды түрде беруге міндетті. Денсаулық сақтау саласындағы бұл реформа халық денсаулығын қорғауға, медициналық құжаттарды жүргізуде заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадам болмақ.